«Shymkent Marathon» – 2025» бұқаралық сайысының жеңімпаздары анықталды

Шымкент қаласында биыл кезекті рет «Shymkent Marathon» ауқымды спорттық іс-шарасы өтті. Бұқаралық жүгіру сайысына 17 елден, 120-дан астам қаладан 7000 адам қатысты. Биыл да бірқатар дистанция бойынша сайыстар өтті.
Атап айтқанда, қатысушылар 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) жүгіріп жарысты.Жарысқа қатысушылар тек спорттық жетістікке қол жеткізуді ғана мақсат тұтпай, ел Тәуелсіздігін, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі болуға талпынады.
Еліміздің үшінші мегаполисінде осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Shymkent Marathon – 2025» бұқаралық сайыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлік пен рухты нығайтуға үлес қосу. Бұл марафон – әр қазақстандықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына үндейтін, Отанға деген сүйіспеншілікті, бірлік пен отансүйгіштік сезімді оятатын маңызды шара.
Қазақстанның жігерлі, белсенді, рухы биік азаматтарын біріктіретін бұл спорттық жарысқа Bank RBK қызметкерлері де қатысты. Фирмалық жейде киген команда бірден көзге түсті. Көпшілігі алғаш рет жүгірсе де, белсенділігі мен жігері көрініп тұрды және бұл олардың соңғы марафоны болмайтыны анық.
Марафонның негізгі 42 шақырымын ерлер арасында Алматы тұрғыны Ислам Аманғос 2:27:49 нәтижесімен, әйелдер арасында Астана тұрғыны Әлия Тұранова 2:53:41 нәтижесімен артта тастап, жеңімпаз атанды. Жас ерекшелігіне қарай есептегенде жалпы 132 спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың жетістігі – мерейтойлық марафонға шырай беріп, Шымкент трассасының нағыз спорттық сенсация бола алатынын дәлелдеуі болды.
Трассада әртүрлі адамды кездестіруге болады: мектеп оқушылары, студенттер, дәрігерлер, ІТ-мамандар, зейнеткерлер. Мәселен, 90 жастағыШымкент тұрғыны Нина Бабенко да марафонға қатысып, жүгірді.
«Шамам жеткенше жүгіріп келемін. Немерелерімекүнделікті өмірде спортқа көңіл бөлу керек екенінжәне ешқашан жаңа нәрсені бастауға кеш емесекенін көрсеткім келеді», – деді Нина Бабенко.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімдігі, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Жарыста барлық қауіпсіздік талаптары сақталды. Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетті.
Бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай және демеушілердің бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Шымкент марафонының жылдан жылға ауқымы ұлғайып келеді. Кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлерінің басын қосатын іс-шараға айналды.








