Шаңырақ астындағы береке: өнегелі отбасылар марапатталды

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі — қаладағы «Достық үйінде» өткен «Отбасы күні» мерекесіне арналған салтанатты жиында өнегелі әулеттер марапатталды.
Шараның мақсаты — ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасылық тәрбие мен бірлікті насихаттау, сондай-ақ өнегелі әулеттердің еңбегін бағалау.
Мерекелік жиынның ашылу салтанатында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева қатысты.
– Отбасы – мемлекет пен қоғамның ең басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі – аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі марапаттар – соның айғағы, – дейді Гүлжан Сүгірбаева.
Шара барысында алдын ала іріктелген, үлгілі өмір салтымен ерекшеленген отбасылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, оларға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жергілікті атқарушы органдар атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапатталған әулеттердің арасында көп балалы, еңбек династиясын жалғастырып келе жатқан, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген отбасылар болды. Бұл марапаттар – олардың қоғамдағы татулық пен рухани бірлікті нығайтуға қосқан үлесінің айғағы.
«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын – қоғамға адал қызмет етіп жүрген, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар. «Күміс кереге» номинациясымен – 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері – 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.
Әр отбасы — өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін саналы азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олар отбасылық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде үлкен еңбек сіңіріп келеді. Мұндай жанұялардың өмірлік ұстанымы — әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттың салт-дәстүрі мен рухани мұрасын жас ұрпаққа аманаттау. Сонымен қатар, олар қоғамдық істерге белсене араласып, берекелі шаңырақтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді. Осындай өнегелі әулеттердің қоғамдағы орны — бірлік пен тұрақтылықтың негізі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.








