Қазақ тілінің қоғамдық рөлін арттыруды көздейтін фестиваль өтті

Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы тарапынан 2025 жылғы 28 тамызда жолданған №1895 шығыс хатына сәйкес, елімізде дәстүрлі түрде аталып өтілетін Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай білім беру ұйымдарында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Осыған байланысты 2-12 қыркүйек аралығында Шымкент қаласындағы №57 жалпы орта білім беретін мектебінде «Тілдер тоғысқан мереке» атты фестиваль өз деңгейінде ұйымдастырылып, ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Аталған фестиваль Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этностар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуды, мәдени көптүрлілікті дәріптеуді, сондай-ақ қазақ тілінің қоғамдық рөлін арттыруды көздейтін маңызды іс-шара болып табылады.
Фестиваль аясында мектеп ұжымы мен оқушылар бірқатар танымдық, тәрбиелік және шығармашылық бағыттағы іс-шараларға белсене қатысуда. Іс-шаралар мазмұны жағынан бай, түрлі форматта ұйымдастырылып, оқушылардың қызығушылығын арттыруда. Атап айтқанда, 9 қыркүйек күні қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Бейсенбай Сымбат пен Ильясова Бибігүлдің ұйымдастыруымен «Тілмен өрілген тағдыр» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға 10-11 сынып оқушылары, пән мұғалімдері, мектеп кітапханашысы және мектеп әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді өткізудегі мақсат – тілдің қоғамдағы, адам өміріндегі рөлін терең ұғындыру, оқушылар арасында этносаралық келісімді нығайтуға, патриоттық рухты арттыруға және мәдени тұтастықты сақтауға үлес қосу. тіл арқылы тұлғаның болмысын қалыптастыруға ықпал ету, ана тіліне деген құрмет пен сүйіспеншілікті ояту.
Іс-шара барысында оқушылар тақырып аясында өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза сынды ұлт зиялыларының тіл туралы нақыл сөздерін мысалға келтірді. Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында қатысушылар тарапынан өлең оқу, көркем сөзбен ой бөлісу, тіл туралы шағын сахналық көріністер көрсету секілді шығармашылық бағыттағы әрекеттер де көрініс тапты.
Ал келесі күні қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігі мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты мәнерлеп оқу және шығармашылық байқауы өтті. Байқау оқушылардың тілдік қорын дамытуға, мемлекеттік тілге деген құрметін оятуға, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталды. Байқауға әртүрлі сынып оқушылары белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Шара барысында оқушылар Абай, Мұқағали, Жұмекен, Фариза сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын нақышына келтіре оқып, көркем сөз өнерін терең түсінетіндіктерін көрсетті.








