Шымкентте 2000 шәкірт тоғызқұмалақ сайысында бақтарын сынады

0
187

Бүгін еліміздің барлық өңірінде таңғы сағат 9.00-ден бастап әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Тоғызқұмалақ күні әлем бойынша кең көлемде насихатталмақ.
Шымкент қаласында 9 қыркүйек – «Тоғызқұмалақ күніне» орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп, Орталық стадионның шахмат залында тоғызқұмалақ сайысын өткізді. Онда басқарма қызметкерлері, спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар қатысып, ұлттық спортты насихаттауға өз үлестерін қосты.

Сайыс барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ойынның қыр-сырына қатысты біліктіліктерін ортаға салды. Шара аясында тоғызқұмалақ атауының шығу тарихы мен маңыздылығы туралы ақпараттық баяндама жасалып, ұлттық ойынның жас буын арасында кеңінен таралуына ықпал ету жолдары талқыланды.

Тоғызқұмалақтан Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері Сәбит Сапарбековтың сөзіне сүйенсек, бүгін қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің оқушылары ұлттық спорттан сайысқа түсіп отыр. Тартысты бәсекеде қаладағы білім ордаларының жалпы екі мың жасөспірімі бақтарынсынайтын болады.

Бұдан бөлек, онлайн форматта да тағы 9:00 -ден кешкі 21:00-ге дейін көптеген жастар, тұрғындар да тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық спортты жаңғыртпақ. Бұл ойын қатысушылардың өзара шеберліктерін сынап қана қоймай, олардың ой-өрісін, зияткерлік қабілеттерін дамытуға да септігін тигізеді.

Қатысушылардың нақты саны кешке анықталады.Игі бастама әлеуметтік желілерде де кеңінен қолдау тауып, ұлттық спорттың ауқымы кеңейе түсті.Жалпы елімізде тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орындарында оффлайн-онлайн форматта тоғызқұмалақ ойнаудан флешмоб, турнирлер өтуде.Аталмыш сайыс ұлттық спортты дәріптеуде маңызды қадам саналады.

Айта кетейік, қазіргі таңда шаһарда тоғызқұмалақ спорты қарқынды дамып келеді. Қала спортшылары халықаралық бәсекелерде, Азия және әлем чемпонаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Бұл — Шымкенттегі жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі мен спорт мектептеріндегі зияткерлік спорт түрлеріне жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі.

Бұған қоса, ұлттық ойынды жас буынға кеңінен насихаттау мақсатында Шымкентте қараша айында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық ҚР чемпионатын өткізу жоспарлануда. Аталмыш дода Шымкент қаласының ұлттық спорт түрлерін дамытудағы әлеуетін көрсетіп, тоғызқұмалақтың жаңа деңгейге көтерілуіне серпін бермек.


ПІКІР ЖАЗУ