Этносаралық бірлікті тіл арқылы бекемдеуге бағытталған эссе байқауы өтті

Қазақстанда 1989 жылы қыркүйектің 22-сі күні «Тілдер туралы» заң қабылданып, «Қазақстан халқы тілдері күні» ретінде жарияланған болатын. Алайда араға жылдар салып, 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауысты. Өйткені, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазіргі таңда бұл күн мерекелік күндер тізімінде арнайы белгіленген.
Бүгінде еліміздің әр өңірііндегі білім ошақтарында аталмыш мерекеге байланысты түрлі деңгейдегі байқаулар мен тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған танымдық шараларды тұрақты өткізіп тұру дәстүрге айналған. Осы орайда, Шымкент қаласындағы №50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясында 5 қыркүйек – «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі қарсаңында «Ұлттың ұлы құндылығы – тіл» тақырыбында қалалық эссе байқауының І кезеңі өтті. Аталған шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен әдістемелік бірлестік жетекшілері «Тілдер тоғысқан мереке» атты онкүндік іс-шараның жоспарына сәйкес ұйымдастырды.

Жас буынның мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, өзге ұлт өкілдері түрлі ұлт өкілдері арасындағы бірлік пен ынтымақты тіл арқылы нығайту мақсатында өткен байқауға 8-10-сынып оқушылары қатысты.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған байқау барысында эссе жазудағы құрылымдық ерекшеліктер жіті сақталды. Бұдан бөлек, оқушылардан тақырыпқа қатысты ойдың нақты тұжырымдалуы мен қажетті дәлелдері талап етілді.
Көрнекті ағартушы — Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен мемлекеттік тіліміздің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада оқушылар бар білімдерін ортаға салып, белсене атсалысты. Байқау барысында 50-ге жуық оқушының қазақ, орыс, ағылшын және өзбектілдерінде жазылған жұмыстары қабылданды.
Бүгінгі мектепішілік сайыста оқушылардың үздік деп танылған жұмыстары Шымкент қаласы Білім басқармасының «Әдістемелік орталығына» жолданды. Келер күндері қалалық кезеңде сараланатын болады.
Айта кетейік, «Қазақстан халқы тілдері күнін» мерекелеудің негізгі мақсаты — Қазақстан сияқты бірнеше ұлттың өкілдері мекендейтін мемлекеттегі тілдік ахуалды, тілдік құрылымын қалыптастыру мен жетілдірудің басты факторы және ұлтаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді реттеуді көздейді. Сондай-ақ еліміздің егемендік алған жылдары қол жеткізген жетістіктерінің осындай қастерлі қасиеттерімен тығыз байланысты екендігін кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау болып саналады.








