Шымкентте Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің жаңа оқу корпусы ашылды

0
155

Шымкент қаласында еліміздің қорғаныс саласы үшін маңызды тарихи оқиға орын алды. Анығын атқанда, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің жаңа оқу корпусының ашылу салтанаты өтті. Әскери патриоттық іс-шараға Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Іс-шара аясында алдымен Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Оқу орнының жеке құрамы, әкімдік, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері аты аңызға айналған әскери қолбасшынының рухынабір минут үнсіздікпен тағзым жасады. Салтанатты жиында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков оқу корпусының басты кіреберісіндегі символдық лентаны қиды. Өз сөзінде қорғаныс министрі қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады:

– Бұл колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы – даңқты командир, Кеңес Одағының тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батылдықтың биік үлгісін көрсеткен қазақтардың бірі. Сендер оқитын орынға айрықша жоғары жауапкершілік жүктелген. Ол – қиын жағдайларда шешім қабылдауға, кәсіби және жауапкершілікпен әрекет етуге қабілетті жоғары білікті сержанттарды даярлауды міндеттейді. Сондықтан оқытушылар мен командирлер болашақ сержанттарды тек кәсіби біліммен ғана емес, олардың бойларына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, патриотизм рухымен тәрбиелеуі тиіс,– деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Салтанатты іс-шарада Қорғаныс министрі Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековкегарнизон әскери қызметшілеріне тұрақты түрде көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін, әскери бөлімдер мен мекемелерді абаттандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріндегі еңбегі үшін шынайы алғысын білдіріп, «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті. Ал болашақ сержанттарға мықты денсаулық, оқуда жақсы нәтижелер, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолындағы толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.

Шара соңы ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттаумен, колледж жеке құрамының салтанатты маршымен және әскери техниканың үлгілері қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетумен аяқталды.


Ұландардың көрсетілімінен кейін қонақтар оқу корпусын, казарманы, кітапхананы, мұражайды, асхананы, спорт залы мен стадионды аралады.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ