ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Шымкент шаһарында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир бастау алды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған айтулы жарыста Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 650-ге жуық жас татами шебері бақ сынауда.
Бұл жарыс – тек спорт сайысы ғана емес, халқына жан-тәнімен қызмет еткен тұлғаның ерлігін насихаттауға бағытталған тағылымды шара. Барша спортсүйер қауымға маңызды мереке саналатын аталмыш сайыс көрермен үшін нағыз тартысты да қызықты болмақ.
Бүгін халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ермек Дәрменов турнир жасөспірімдер үшін нағыз мереке екенін атап өтіп, жарысты ашып берді. Спорттың өскелең ұрпақтың бойында ерік-жігер мен патриоттық рухты тәрбиелеуіне нысанасына айналғаны айтылды. Осы сайыстан болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонақтары – қоғам қайраткері Шәріпбек Жамалбек, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та өз құттықтауын жеткізді. Аталған бәсеке ертең аяқталады.
Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Былтыр Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге қол жеткізді. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. 2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Халықаралық турнир де келешекте дарынды жастардың шығуына өз септігін тигізбек.









