Шымкентте ҚХА мүшелері 500-ден аса оқушыға қайырымдылық көмек көрсетті

0
233

Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының маңызды бағыттарының бірі – еліміздегі қайырымдылыққа қатысты қолға алынып жатқан жұмыстарды жан-жақты дамыту. Бүгінде этномәдени бірлестіктердің мүшелері барлық қайырымдылық акцияларына қатысып, жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үздіксіз көмек көрсетіп келеді. Аталмыш шараларға белсене атсалысу – этномәдени бірлестік өкілдері мен ҚХА мүшелері үшін біраз уақыттан бері қалыпты дәстүрге айналған үрдіс десек, артық айтқандығымыз емес.

Бүгін Шымкенттегі Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» жобасы аясында «Мектепке жол» акциясын бастады. Акция аясында халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік қасиетті сіңіруге бағытталған шаралар жүргізілді. Сонымен қатар, халқымызға тән ұлттық құндылықтарды, қанымызға біткен мейірімділік, қайырымдылық, адалдық сынды ең асыл қасиеттерді насихаттау кеңінен көрініс тапты.

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер А.Халназаровтың тікелей атсалысуымен акция аясында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан 100 оқушыға 1,5 млн. теңгенің мектепке қажетті оқу құралдарын (сөмке, дәптер, пенал, түрлі-түсті қалам, қаламсаптар және т.б.) сыйға табыстады.

Игі іс-шараға қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Арипджан Халназаров және «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, оқушылардың білім алуына қажетті керек-жарақтарын үлестірді.

Аталған акцияны ассамблея алаңында ұйымдастырған жауаптылардың айтуынша, бұдан бөлек, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бастауыш сыныптарға баратын 32 бүлдіршінді қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алса, қалалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері Шымкенттің 13 нүктесінде дәл осы мақсатта қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Олар аз қамтылған, әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылардан шыққан балаларға қажетті заттар алу үшін  6 млн. теңге жұмсап,  ұрпақ болашағы үшін айрықша белсенділік танытты.

Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА мүшелерінің қолдауымен «Мектепке жол» акциясы аясында жалпы, 7,9 млн. теңгенің көмегін шымкенттік 532 оқушыға көрсетті. Шәкірттердің жүрегіне шаттық сезімін ұялататын қайырымдылық  шарасы қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ.

 


ПІКІР ЖАЗУ