ШЫМКЕНТТЕ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Әрбір адам өмірде өзінің ісін, жолын жалғастыратын, салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеуді алдында тұратын ең басты ұлы міндеттерінің бірі санайды. Бұл -бүгінгі аға буынның ізінен ерген жас ұрпақты болашақта жан-жақты жетілген, таным-түсінігі терең, ел ауызбіршілігін арттыруға атсалысатын, мәдени, ғылыми өрісі кең етіп тәрбиелеуі керектігін білдіреді. Ал жастарды білім көкжиегі кең азамат етіп өсіруде ұлттық салт- дәстүрлердің, ұлттық құндылықтардың тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық тұрғыда алатын орны айрықша. Біздің қазақ халқымыз — рухани құнды қазынаның мұрагері. Бағзы ата-бабаларымыздың қасиетті қара домбырасынан төгілген күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының сазды үні, әуелете шырқаған әсем әні, сырлы сезімге толы ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің өзі өскелең ұрпағын адамгершілігі, ар-ожданы асқақ азамат етіп тәрбиелеуде септігін тигізгені сөзсіз.
Бүгін Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда ел бірлігін бекемдеу, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жайы талқыланды.
Кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиев жиынды ашып, алдыңғы буынның ел дамуына қосқан үлесін атап өттi. Кеңес сапындағы азаматтардың мол тәжiрибесiн ұрпақ тәрбиесiнде ұтымды пайдалану жайына тоқталды.
Күн тәртібіндегi мәселелер бойынша білім саласының ардагері Н.Байғұт жастарды адалдық, әділеттілік және патриотизм рухында тәрбиелеу туралы, мемлекет және қоғам қайраткері Ш.Мырзахметов азаматтық жауапкершіліктi арттыру және «Адал Азамат» жобасы жайлы баяндады. Ал медицина ғылымдарының докторы И.Байдаулетов бес әлеуметтік кеселдің алдын алу және «Салауатты сана» қағидаларын қалыптастыру жайын қозғады. Өз кезегінде тоғызқұмалақ федерациясының Президенті А.Толықбаев ұлттық ойынды жастар арасында дамыту және оны кеңінен насихаттау жолдарын айтты.
Отырыста Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова да қатысып, Ақсақалдар кеңесімен алда атқарылатын жұмыстар жайында баяндады. Сондай-ақ, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұсынысы бойынша А.Халназаров кеңес құрамына қабылданды.
Іс-шараға қала аумағындағы мемлекеттік мекемелердiң өкілдері мен этномәдени бірлестіктердiң жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын соңында қатысушылар ел бірлігін нығайту, жас ұрпақты отаншылдық рухында тәрбиелеу және ұлттық ойындарды жас буын арасында дәрiптеу бағытында бірлескен жұмыстарды жүйелi жалғастыруға уағдаласты.









