Діни эстремизм мен терроризмге тосқауыл қою туралы түсіндірілді

Бүгінгі қоғамның, әсіресе жастар арасында көкейкесті мәселелердің бірі — діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою болып отыр. Экстремизмнің қандай түрі болмасын, бұл мемлекеттің біртұтастығына, ұлттың қауіпсіздігіне, азаматтардың құқығы мен бостандығына үлкен қауіп төндіреді.
Қазір жұртшылық арасында «экстремизм», «терроризм» терминдері жиі айтылып жүр. Жалпы бұл ұғымдарды белгілі бір ұлтпен немесе дінмен сабақтастырудың жөні жоқ. Өйткені, ол — ислам дініне ғана емес, әлемдегі кез келген дәстүрлі діндерге де байланысы жоқ жат атау. Біздің асыл дініміз Ислам діні – адамзатты ауызбіршілік, бейбітшілік, татулық пен сүйіспеншілікке бастайтын турашыл дін екені баршамызға аян. Алайда, халық арасында кейбір азаматтардың «исламдық экстремизм» деген теріс түсінік қалыптастырып, олардың көпшілікті жаппай адасушылыққа бұрмалап жүруі теріс пиғылдағы қадамы саналады.
Бүгінде білікті телогтардың тарапынан өңірлерде азаматтардың радикализм және басқа да деструктивті топтардың, теріс ағымдардың арбауларына түсуінің алдын алу аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары «Экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет ресурстарының зияндылығы» тақырыбында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысының басты мақсаты — қоғамдағы зайырлылық қағидаттарын насихаттау арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, ақпарат кеңістігіндегі деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы дәстүрлі діни иммунитетті қалыптастыру, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты отансүйгіштіккке тәрбиелеуге бағытталған.
Кездесу барысында дәстүрлі емес діни ағымдар, олардың себептері мен зардаптары жайлы сөз қозғалды. Теолог мамандар ислам дінінің тазалығына тоқталып, оның жамағатты бауырмалдылыққа жетелейтінін түсіндіріп өтті.
Бұдан бөлек, жастарға діни және зайырлы білімді бірге алудың жолдарын баяндап, қайсысы тиімдірек екеніне тоқталды. Және дәстүрлі діндердің ерекшелігі, интернет желісіндегі қауіпсіздік және тағы бірқатар мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда тек қана ресми парақшалар мен дін саласының мамандарынан алу қажеттігін түсіндірді.
Шара соңында қатысушылардың қозғалған тақырыпқа қатысты сұрақтар қойылды. Маман тарапынан тиесілі жауаптар берілді.









