«Есті ене, көргенді келін» байқауында ұлттық құндылықтар паш етілді

0
175

Шымкент қаласындағы «Әзіл-сықақ және сатира» театрында отбасылық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуге арналған айрықша байқау өтті. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» ұйымдастырған «Есті ене, көргенді келін» сайысы дана аналарымыздың өмірден көрген-түйгендерін келіндеріне үлгі ретінде көрсететін тағылымды тәрбиені дәріптейді.

Сайысқа Шымкенттің бес ауданынан жиналған үміткерлер қатысты. Дәстүр мен тәрбие сабақтары жаңғырған жиында көрермендер ұлттық тәрбиенің мәйегіндей болған әжелер мен инабатты келіндердің өнеріне куә болды.

Байқаудың басты мақсаты – отбасылық ұлттық құндылықтарды көрсете отырып, ұмыт бола бастаған ата-баба жолын қайта жаңғырту. Және ене мен келін арасындағы жарасымды сыйластықты, үлгі-өнегені өскелең ұрпаққа паш ету. Өйткені, әрбір әулеттің берекесі – ананың ақылында, келіннің көрегенділігінде, ененің даналығында. Бұл болмыстарды айшықтай білген қатысушылар сахна төрінде өз өнерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық тәрбиенің жарқын  үлгісін көрсетті.

Бес кезеңнен тұратын байқауда алдымен үміткерлер өздерін таныстырды. Кейіннен бойларындағы ізет-инабаттылық пен отбасыларындағы сыпайы сыйластықты көрініс арқылы сахналады.

Сайыс барысында әжелер мен келіндер әуелете ән салып, «Тосыннан туындаған жағдайды реттеу» бөлімінде түрлі сынақ тапсырмаларды орындады. «Салт-дәстүр — асыл қазынам» кезеңінде әдет-ғұрыпқа қатысты сан алуан сұрақ-жауаптар алмасып, білімдерін сынады.  Бірі тағам әзірлеп, қонақ күту әдебін көрсетсе, енді бірі тосыннан туындаған жағдайға тапқырлықпен жауап қатты. Әжелердің тағылымды сөзі мен көкейге ой түйерлік ақыл-кеңесі, келіндердің ибалы мінезі мен өнері, бәрі-бәрі көрерменді керемет күйге бөледі.

Залда жиналған жұртшылық ата-баба дәстүрінің әлі күнге маңыздылығы ұмытылмағанын ұғынды. «Келіннің көркі – ибасы, әженің көркі – даналығы» деген көрегенді сөздің түп-төркініне терең көз жеткізді. Өйткені, байқаудың әр кезеңінде отбасылық тәрбие мен ұлттық құндылықтың өлшеусіз маңызы айқын көрініп тұрды.

Шара соңында кіл жүйріктер арасында оза шапқан жүлдегерлер анықталып, барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталды. Бұл күн көпшіліктің жадында  тек қана байқау болып сақталмады. Анығын айтқанда, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің тағы бір қайта жаңғыруына себеп болған мерейлі сәт ретінде  есте қалды.


ПІКІР ЖАЗУ