Сотталушы азаматтарға діни сауаттылықты арттыру аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Елімізде жазасын өтеушілердің діни сауаттылығын арттыру аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрине, бұл — баршамыз үшін дұрыс бастама. Өйткені, жазасын өтеушілер күнәсін тек заң шеңберінде емес, Жаратушының алдында да жүып-шаю, кешірілуін дұрыс қадам санап, дінге бет бұратын сәттері де жиі кездеседі. Әрине, сенім әрбір адамның ішкі жеке мәселесі болса да, діни мәселе мемлекеттік бақылауда болғаны абзал.
Шымкент қаласы ҚАЖД мекемесіне қарасты №56 түзеу мекемесінде сотталған азаматтармен діни сауаттылықты арттыру аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесудің мақсаты – жазасын өтеушілер арасында діни сауаттылықты арттыру, радикалды ағымдардың ықпалынан қорғау және тұлғаның дұрыс көзқарасын қалыптастыру.
Кездесу барысында теолог маман Икрам Айтаев деструктивті діни идеологиялардың зияны мен дәстүрлі құндылықтардың қоғамдағы орны туралы баяндама жасап, қатысушыларға ашық диалог алаңын ұсынды. Қазіргі уақыттағы діндегі ахуал жайлы баяндап, теріс діни ұйымдардың қоғамға қауіптілігін баяндады.
Сондай-ақ кейбір сыртқы күштер жастарымызды асыл дініміздің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға шақыратынын және ондай алдап, арбаудан аулақ болу үшін діни сауаттылықты арттыру әрбір адамға қажет екенін атап өтті. Өйткені, өзге діннің тұзағына түсіп, өзін жоғалтқан жандардың көбі елге оралып, өз жазаларын алғанымен, олардың қатарымызға қосылуы өте қиын. Сондықтан арнайы теолог мамандар олармен оңалту жұмыстарын жүргізеді. Шындығында, оңалту ұзақ жүргізіледі, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, арнайы діни сауаттылығы жоғары мамандар жұмыс жасайды.
Теолог маман әсіресе теріс ағымдар жетегіне кететін азаматтар мен азаматшалардың басым бөлігі көбінесе діни сауатсыздықтың кесірінен адасатынын айтты. Сондықтан оларды ұлттық болмысымызға жат келеңсіздіктерден бойларын аулақ салуға шақырды. Бұл тұрғыда діни сауаттылықтарын арттырулары үшін Дін істері жөніндегі басқарма рұқсат берген оқулықтарды оқудың маңыздылығын алға тартты.
Қоғамның қауіпсіздігі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты. Діни білім – тек құлшылық қана емес, адамгершілік пен рухани тазалықтың кепілі. Осындай шаралар арқылы біз деструктивті идеяларға тосқауыл қоямыз.
Кездесуге қатысушы сотталған азаматтар аталған тақырыпқа қатысты теологқа өздерінің қызығушылықтарын білдіріп, пікір алмасты. Көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.








