Жауынгерлер ұлттық құндылықтарды ұлықтауды ұмыт қалдырмады

0
296

Абай күні —  қазақ әдебиеті мен мәдениетінің рухани сипатта қайта жаңғырып, заманауи қоғаммен біте қайнасып дамуына басымдық беретін маңызды мереке. Бұл күн – еңсесі биік елдігіміздің,  берекелі бірлігіміздің, ұлттық сана-сезіміміздің айшықты көрінісі.

Бұл күндері барша зиялы қауым өкілдері,  шәкірттер мен тәлімгерлер, ұстаздар мен қаламгерлер, жалпы сан салада қызмет атқарып жүрген жандар ақын Абайдың шығармашылығына терең бойлайды. Оның өскелең ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасына бүгінгі көзқараспен қарап, өз ойларын ортаға салады. Әсіресе, Абай мұрасын кеңінен насихаттау жолында жас буынның қызығушылық танытуы қуантады. Олардың ақын өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіруі — бұл тек жадыларында жаттау ғана емес,  Абай шығармашылығын түсінуге, терең сезінуге деген ұмтылыстың белгісін білдіреді.

Қазақтың ұлы данышпаны, кемеңгер, ақын Абай күні қарсаңында Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаздар рухани мұраны ұлықтауды ұмыт қалдырмады. Мегаполистің қоғамдық тәртібін күзетіп жүрген қатардағы жауынгерлердің арасында Абай шығармашылығына жастайынан жаны құмар жігіттер бар. Солардың бірі – ұлттық ұлан сарбазы, қатардағы Бақытжан Артықбай.

Бала күнінен әдебиетке әуестігі байқалған Бақытжан бастауыш сыныптан бастап Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жаттап өскен. Уақыт өте келе өз бағын сынап, республикалық Абай оқуларына қатысады. Байқауда бағы жанып, бас жүлдені олжалайды. Қазіргі таңда ол абыз Абайдың 50-ден астам жыр жолдарын жатқа айтады.

– Абайдың сөзі – адамгершілік пен парасаттың мектебі. Қатарыммен сап түзеп, ел тыныштығын күзетіп жүргеніммен, бос уақытымда Абай өлеңдерін қайталап, ішкі жан-дүниемді тәрбиелеуге тырысамын. Оның әр жолынан рухани тереңдік, тәрбие мен тағылым сезіледі, – дейді сарбаз.

Ұлттық ұлан қатарында Абай мұрасын қадір тұтатын тағы бір сарбаз – қатардағы Жұлдызбек Ромашев. Ол да Абай оқуларының республикалық деңгейдегі жүлдегері атанған. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, бала кезінен Абайдың өлеңдеріне сусындап өскен.

Қазіргі таңда қос сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын атқарумен қатар, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге үлес қосып жүр. Дана Абайдың дара сөздерін қатарластары арасында дәріптеп, өлеңдерін жатқа айтып, қалың бұқараға орамды ой салуда.

Айта кетейік, биыл ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай, Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде дәстүрлі Абай апталығы мен поэзия кештері ұйымдастырылады.


ПІКІР ЖАЗУ