ШЫМКЕНТТЕ АБАЙ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КЕШТЕ  РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

0
288

Биыл еліміздің барлық өңірінде қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асуда. Айтулы мерейтой халықаралық және республикалық деңгейдегі жоспар бойынша бекітілген. Бұл 100-ден аса алуан түрлі іс-шараларды қамтиды.

Жалпы, бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінде, қаламыздағы кітапханаларда, мәдениет мекемелерінде, қоғамдық орындарында бірқатар іс-шара өтті.

Осы орайда, Шымкент қаласында Ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар легі тағы да жалғасын тапты. Аталған мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Шараға Шымкент шаһарының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Мазмұны мол мерекелік рәсімде бүлдіршіндер ұлы ақынның мұрасын, рухани құндылықтарымызды республика көлемінде ұлықтауға атсалысты. Олар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ тағылымды кеш аясында қатысушылар 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейін аралап, ақын шығармашылығымен, аудармаларымен және заманының тұрмыс-салтымен толығырақ танысты.

Абыз ақынға кіршіксіз құрмет көрсетілген іс-шара Көрме орталығындағы «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мұнда көпшілік назарына ұлы ақынның өмірі мен мұрасына қатысты құнды экспонаттар қойылған.

Рухани-мәдени мереке республикалық «Абай әлемі» байқауымен қорытындыланып, қаладағы мәдениет мекемелерде концерттер мен әдеби кештер өтті.

Елімізде ұлт руханиятының адаспас темірқазығына айналған, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өтудің маңызы орасан. Өйткені, қазақтың біртуар перзенті Абай атамыздың мерейтойын атап өту – өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруіне септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жас буынды туған елін, жерін сүйетін, өзін, халқын қадірлейтін, елге пайдасы тиетін азат қылып өсіруге атсалысады.

Аталмыш мерейтойға арналған іс-шаралар тек Абай күнімен ғана шектеліп қалмай, жыл соңына дейін тұрақты түрде жалғасатын табады.


ПІКІР ЖАЗУ