ЖАС ҰРПАҚТЫ ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН СУСЫНДАТАТЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
294

«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған».

«Абай әлемі» республикалық байқауының қорытынды кеші осынау рухты жырмен басталды. Залда оқылған Абайдың әрбір өлеңдері жиналғандардың жандүниесіне рухани азық ретінде орнады. Кешке келген көрермендер ұлы кемеңгердің өмір жолын бейнелеген әсерлі көріністің куәгері атанды.

Ұлы данышпанның әдеби-рухани мұрасын ұлықтап, адамзаттың таным көкжиегін кеңейту, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өткен болатын.

Салтанатты шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Хакім Абайдың қазақ руханиятындағы алатын орны мен жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын айрықша атап өтті.

— Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп бекер айтпаған. Бұл байқау – сол қасиеттерді бойына дарытқан дарынды жастардың талантын танытатын үлкен алаң, – деді ол.

Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Абай әлемі» байқауы – Абай мұрасын насихаттаудың жарқын үлгісі. Аталған сайыста 2023 жылы ХҚТУ аға оқытушысы Мақсат Айтжанов, 2024 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы Әзімхан Исабек жүлдегер атанған болатын. Биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағы 117 үміткер қатысып, оның ішінен іріктелген 26 жас талант финалға жолдама алды.

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан қатысқан жас дарындар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін нәшіне келтіре оқып, өмір жолы мен шығармашылығына қатысты тың деректер ұсынды.

Сахнада Абайдың жантебірентерлік сырлы әндері шырқалып, залды әсем әуен мен терең ойдың тұңғиығына жетеледі. Көрермендер ұлы мұраның тылсымына бойлап, бір сәтке болсын Абай дәуірін бастан кешті.

Өз кезегінде байқау ақтық мәресіне жетіп, сахнада жеңімпаздардың есімдері салтанатты түрде жарияланды. Қатысушылардың арасынан кіл жүйріктер анықталды. Соның ішінде 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан шеберлігімен де, жігерімен де ерекше көзге түсіп, бас жүлдені иемденді. Ол 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлықты олжалады. Ал Батыс Қазақстан өңірінен келген Азат Мыңбаев керемет өнерімен көпшілікті тәнті етіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Оның жүлдесі – 700 мың теңге. Осылайша, байқау өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер жеңіс тұғырынан көрінді. Тағылымы терең кешке келген көрермендер мерейі үстем, көңілі көтеріңкі күйде тарқасты.


ПІКІР ЖАЗУ