ЭТНОСАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫС ӨТТІ

0
280

Шымкент  – көптеген этнос өкілдері тығыз топтастырылған, рухани, қазақи құндылықтарға бай қала. Сондықтан, әрбір жанжалды жағдайларды бейбіт жолмен, қоғамдық келісім орната отырып шешудің маңызы зор. Қазіргі таңда  қаладағы медиатор мамандар этносаралық шиеленістің алдын-алу, ел ішіндегі татулықты, өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын мәдениет қалыптастыруға қатысты кездесулер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған.

Медиация институтын жетілдіруге арналған осындай шаралардың бірі, Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация кеңесінің кезекті кеңейтілген отырысы өтті.

Басқосудың басты көздегені — ұлттар татулығын сақтау, ел ішінде іріткі туғызбау, оның алдын алу тұрғысындағы атқарған жұмыстарды ортаға салып, алдағы жоспарларды талқылау.

Маңызды шараға ҚХА Хатшылық меңгерушісі, Этномедиация кеңесінің мүшелері, құрылым медиаторлары, бұдан бөлек, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері қатысты.

Кеңесте Этномедиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор, білікті заңгер Дана Ақәділқызы Кенжеқұлова алғаш сөз алып, жиналғандарды II тоқсандағы кеңес қызметінің қорытындысы мен медиация саласындағы нәтижелі жұмыстармен таныстырды.

«Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXIV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес, этномедиацияны дамыту бағытында бүгінгі отырысты ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – қоғамда медиация мәдениетін қалыптастыру және этносаралық қатынастарда бейбіт келісім механизмін тиімді пайдалану», – деді Дана Кенжеқұлова.

Баяндамадан белгілі болғандай, II тоқсан ішінде кеңес мүшелері, 12 іс-шара ұйымдастырып, 650-ге жуық адамды қамтыған және 12 қылмыстық іс пен 548 азаматтық іс медиация арқылы оң шешімін тапқан.

Кеңес барысында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы этносаралық қатынастар бөлімі-ҚХА хатшылық меңгерушісі Айгүл Әмзеева сөз сөйледі. Этномедиацияның қоғамдағы орнына тоқталған ол сала белсенділерін Медиация күнімен құттықтады. Сондай-ақ, шара шеңберінде бұл бағытта қызмет атқарып жүрген медиаторлар марапатталды.

Отырыс аясында судья, кеңес мүшесі Еркен Отарбаев пен қоғамдық медиатор Аббас Шамирзаев та өз пікірлерін білдіріп, медиацияның құқықтық және әлеуметтік маңызына тоқталды.

 

Кеңес соңында, қатысушылар ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, алдағы жұмыстар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ