ШЫМКЕНТТЕ ҰЖЫМДЫҚ РУХТЫ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛІК СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ

0
227

Жыл сайын сан салада еңбек ететін қызметкерлер арасында көптеген спорт түрлерінен спартакиада өткізіліп тұрады. Бүгінгі қоғамның әрбір заманауи қызметкері жан-жақты болуы қажет. Сондықтан салауатты өмір сүру қағидатын қалыптастыру, әріптестер арасында ауызбіршілікті арттыру мақсатында осындай спорттық іс шаралар ұдайы ұйымдастырылады. Спортпен айналысқан кез келген қызметші өзінің денсаулығын жақсартып қоймай, сонымен қатар жұмысындағы да көрсеткішін жоғарылатады.

Шымкент қаласындағы «Металлург» спорт кешенінің базасында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығына орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері арасында Оңтүстік өңірлік спартакиадасы өтті. Аталған спартакиада Мемлекеттік корпорацияның 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты — қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, бірлік пен тұрақтылық, сенім мен ынтымақтастық орнатып, ұжымдық рухты нығайтуға ықпал жасау.

Ауқымды іс-шараға Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары филиалдарының 500-ге жуық қызметкері қатысты. Командалар футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және арқан тарту сияқты бес түрлі спорт түрлері бойынша бақ сынасты.

Шараның ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, спорттық доданың маңыздылығын айтты.

— Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы ұйым ішіндегі бірлікті нығайтып, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл бағыттағы шаралар ортақ құндылықтарды дәріптеуге, ұжымдық рухты күшейтуге зор үлес қосады, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент филиалының командасы барлық спорт түрлері бойынша бірінші орындарды иеленіп, жоғары дайындық деңгейі мен ұйымшылдықты көрсетті. Екінші орынды Түркістан облысының командасы иеленсе, үшінші орын Қызылорда облысының командасына бұйырды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Өте тартысты өткен жарыс туралы Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Мәди Аманжол да бұл  тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар серіктестік пен өзара сенімді нығайтатын маңызды алаң екендігін тілге тиек етті.

Жеңімпаз болған Шымкент қаласы филиалының командасы спартакиаданың республикалық кезеңіне қатысып, Оңтүстік өңір атынан ел деңгейінде үздік атану үшін бақ сынайтын болады.


ПІКІР ЖАЗУ