Ұлттық құндылықтар негізінде құқықтық мәдениет қалыптастыруды ұғындыратын іс-шара өтті

Өскелең жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды ұғындырып, оларды рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу барлық кезеңде де өзекті. Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ — біздің болашағымыз. Ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, оларды әлеуметтік тұрғыдан мейлінше қамтып, алаңсыз білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау — мемлекетіміздің ұлттық саясатының маңызды бағыты.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – жастар бойында үйлесімді тәрбиені жетілдіру, олардың құқықтық санасын қалыптастыруда, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда қолдану басты қадам. Сол себепті қазіргі таңда құқықтық мәдениеті жоғары, танымы терең жастарды тәрбиелеу және қалыптастыру жұмысы кезек күттірмей атқарылатын мемлекеттік маңызды шаралардың санатында тұр. Жастардың құқықтық өміріндегі рухани бастаулар олар үшін айрықша орын алады.
Осы ретте, Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында «Дәстүр – мәдениет мәйегі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара қазақтың ұлттық құндылықтары мен құқықтық мәдениетінбайланыстыруға, Абай Құнанбаевтың Қарамола ережесінің мәнін жастарға жеткізуге бағытталған.
Қазақстанның Конституциясы – еліміздің тәуелсіздігі мен демократиясының негізі. Аталған маңызды мерейтой аясында өткен шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, әділдік пен теңдік ұғымдарын түсіндіруге арналған.
Іс-шара барысында салт-дәстүр мен заманауи құқықтық мәдениетті сипаттайтын көрме ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ халқының тарихы мен құндылықтарын көрнекі түрде тамашалап, Конституциядағы адам құқығы мен әділдіктің маңызын ұғынды.
Бұл мерекелік іс-шараның маңызды бөлігі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері орындаған көріністе бейнеленді.Олар Абай Құнанбаевтың Қарамола ережесін сахналап, оның маңызын, адам құқықтары мен әділдік туралы түсініктерді көрерменге терең әрі әсерлі жеткізді. Қызметкерлердің бұл шығармашылық көрінісі жастардың санасына патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтардың маңызын ұғындыруда, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда салт-дәстүрдің тигізетін ықпалы турасында ерекше әсер қалдырды. Сондықтан, ұлттық құндылықтар негізінде, өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруда бүгінгі іс-шараның алатын орны орасан.









