ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ ЗАМАНАУИ СТИЛЬДЕГІ КИІМ БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
229

  Ұлттық нақыштағы киім — әрбір ұлттың болмыс-бітімінен, тарихы мен танымынан, салт-дәстүрінен белгі беретін басты құндылықтардың бірі де бірегейі. Біздің баға жетпес бұл ұлттық киімдеріміз — мәдениетіміз бен дәстүріміздің айқын көрінісі. Сондықтан бүгінде атадан-балаға мирас ретінде келе жатқан ұлттық киімдерімізді дәстүрімізге сай ұлықтасақ, ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың, рухани жаңғырудың жарқын жолына басқан жаңа қадамымыз болмақ.

Шымкент шаһарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Әсем киім – әйел ажары» республикалық сән байқауының іріктеу кезеңі өтті. Сайысты ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша әйел-қыздар секторы ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ әйелдерінің киім кию мәдениетін қазақы дәстүрге сай ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып дамыту, сондай-ақ бүгінгі заман талабына сай бейімделген киім үлгілерін насихаттау.

Сән алаңында сахналық жылтыр мен артық сән-салтанаттан гөрі, күнделікті тұрмысқа, кеңсе жұмысына және спорттық белсенділікке арналған жинақы, салт-дәстүрімізге сай әрі қазақы нақыштағы киім үлгілері көрсетілді. Байқауға түрлі салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, өздері дайындаған образдарын көпшілік назарына ұсынды.

ҚМДБ әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы:

  «Байқаудың басты мұраты – сән қуудың шегін шариғатпен үйлестіру. Біз ислам қағидаттарын ұлттық болмыспен байланыстыра отырып, мұсылман әйелдерінің киім үлгісін жаңа деңгейге шығаруды көздеп отырмыз», – деді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқаудың іріктеу кезеңдері еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп, үздік деп танылған топтамалар республикалық деңгейде Алматы қаласында өтетін финалдық кезеңде ұсынылатын болады.

Шымкенттегі іріктеу барысында үздік деп танылған дизайнер өз өңірінің атынан республикалық байқауға жолдама алды. Бұл бастама алдағы уақытта мұсылман әйелдерге арналған отандық сән индустриясын дамытуға және жас дизайнерлердің шығармашылығын қолдауға ықпал жасайды деп жоспарлануда.


ПІКІР ЖАЗУ