ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАУ: АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ ЖАС ҰРПАҚҚА БЕРЕР ҰЛАҒАТЫ МОЛ

0
266

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының өскелең ұрпаққа қалдырған мұрасы – өлшеусіз қазына. Оның қарасөздері мен өлеңдері адамзаттық ақыл-ойдың, имандылық пен парасаттың биік көрінісі. Сондықтан жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды Абайдың мол мұрасы — таңдамалы шығармалары арқылы жеткізудің маңызы зор.

Орталық саябақта қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, ағартушы, ойшыл және композитор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл мерекелік іс-шара еліміздің барлық өңірінде бір мезетте өтті.

Шымкент қаласындағы әдеби кешке Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова қатысты.  Қатысушыларды Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтап, абыз ақынның шығармашылығы ұлттық руханиятта айрықша орын алатынын атап өтті.

Іс-шара барысында «Яссы» би ансамблі, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Олар абыз Абайдың әндері мен өлеңдерінен үзінділер орындап, халқым, елім, жұртым деп соққан ақынның жүрегіндегі ұлтжандылық, азаматтық үнін жеткізе білді.

Сонымен қатар, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының кітапханашылары, орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің оқырмандары, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 10 сынып оқушылары ақын шығармашылығынан өлеңдер оқып, «Абай әлемі» байқауының І кезеңінің жеңімпаздары Абай шығармашылығына арналған әдеби көріністер көрсетті.

Танымал айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Абайға арналған арнау өлеңін оқып, кеш көрермендерінің сый-құрметіне бөленді.

Шара барысында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері үшін тағылымы терең мазмұнды мағлұматтар ұсынылды.

Бұл әдеби кештің басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухани  құндылықтарды қалыптастыру және ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен дәріптеу болды.

Шараға зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары белсене қатысып, Абай мұрасының рухани құндылығын тағы да бір рет таныды.


ПІКІР ЖАЗУ