ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Қоғамдық келісім мен ел дамуының басты кепілі – этносаралық ауызбіршіліктің артуы мен саяси тұрақтылықтықтың орнауы болып саналады. Бұл бағытта Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесі белсенді қызмет атқарып келеді. Аталған құрылымның басты миссиясы – түрлі этнос өкілдерінің өзара татулығын қамтамасыз етіп, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау екендігі баршаға белгілі.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы «Құқық қорғау және татуласу орталығында» Медиация күніне орай ашық есік күні өтті. Қала тұрғындарына медиацияның маңызын кеңінен түсіндіруді мақсат еткен шараны Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесі ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда медиация институтын ілгерілету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей баламалы жолмен шешудің тиімділігін кеңінен насихаттау болып саналады.
Ашық есік күні аясында қала тұрғындары кәсіби медиаторлардың көмегіне жүгінді. Олар отбасылық, еңбек, мүліктік және этносаралық сипаттағы келіспеушіліктер бойынша нақты мәселелерін жеткізді. Медиаторлардың тегін заңгерлік және медиативтік кеңестерін алып, өз құқықтарын қорғау, сотқа дейінгі татуласу мүмкіндіктері туралы ақпараттарға ие болды.
Сонымен қатар, этномедиация кеңесінің мүшелері этносаралық қатынастарды реттеуде медиацияның алатын орны, бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің рөлін күшейтудің маңызын кеңінен түсіндірді.
Шымкент қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзееваның сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері Медиация кеңесі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Оның ішінде, этнос өкілдері тығыз шоғырланған шағынаудандар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Бұл шаралар азаматтарға медиация рәсімдерінің құқықтық негіздерін, татуласу тәсілдерін және этносаралық жанжалдарды шешу тәжірибесін жан-жақты таныстыруға бағытталған.
Сондай-ақ, кеңес құрамындағы медиаторлар этномедиацияның қоғамдағы алатын орны мен маңызын айрықша атап өтті. Олар бұл үдерістің бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталып, этносаралық қатынастарды тиімді реттеуде медиацияның басты құрал екендігін жеткізді.








