«Өзімді көшпенді сезінемін»: Энди Серкис Comic Con Astana фестивалі барысында жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді

0
189

Comic Con Astana-2025 фестивалінің төртінші күніндегі басты оқиға — Голливуд жұлдызы, әлемге әйгілі британ актері, режиссер және motion capture технологиясының көшбасшысы Энди Серкиспен өткен әсерлі кездесу болды.

Алғашқы үш күн ішінде фестивальді шамамен 43,5 мың адам тамашалағаны белгілі болды.

Серкис әлемдік танымалдылыққа «Сақиналар әміршісі» трилогиясындағы Голлум, «Маймылдар планетасы» фильміндегі Цезарь, «Жұлдыздар соғысы» франшизасындағы Жоғарғы көшбасшы Сноук, сондай-ақ «Бэтмен» (2022) фильміндегі Альфред рөлдері арқылы қол жеткізген. Сонымен қатар, ол «Кинг-Конг», «Андор», «Мстители: Эра Альтрона» және «Чёрная Пантера» фильмдеріндегі рөлдерімен де танымал.

Кездесу әзілмен басталды – Голлумның кір жуғыш ұнтақ жарнамасынан үзінді көрсетіліп, жүргізушінің «Қайда жүрсің, қымбаттым?» деген сұрағына актер орысша «Жүгіріп келдім» деп жауап беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Барыс Аренада» өткен сессия шынайы эмоция мен шапалаққа толы болды. Астанаға алғаш рет келген Серкис:

«Мен өзімді көшпенді сезінемін, сондықтан бұл жерде өз үйімде жүргендей әсердемін», – деді.

Comic Con туралы пікірі де ерекше болды:

«Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оны ондаған жылдан бері өткізіп келе жатқандай көрінді. Ал шын мәнінде бұл – төртінші рет өтіп жатқан шара екенін естіп, таңғалдым. Мұндағы фанаттардың энергиясы – шабыттың көзі!», – деп атап өтті ол.

Серкис шығармашылық жолының қалай басталғанын еске алып, алғашында шағын театр труппасымен жұмыс істегенін, ал арнайы эффектілер мен компьютерлік графика дамығаннан кейін motion capture саласына келгенін айтты.

«Бүгінде бұл технология режиссерге өз идеясын барынша еркін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Фестивальдің хедлайнері болашақ арманымен де бөлісті: «Мен Star Trek ғаламының бір бөлігі болуды армандаймын. Мүмкін, актер ретінде, мүмкін, режиссер ретінде», – деді.

Көрермендер Голлум мен Цезарьдың дауысын салуын сұрағанда, Серкис еш тартынбай, атақты кейіпкерлердің дауыс ырғағын дәл келтіріп, шеберлігін көрсетті.

«Смеагол Астана туралы не айтар еді? – “Бұл жерде бәрі тамаша, адамдар сондай мейірімді!” Ал Голлум болса: “Не деп тұрсың? Олар мүлдем мейірімді емес!” – деп күлкілі диалог арқылы рөлге кіріп, залды күлкіге қарық қылды.

Серкис Голлумның ерекше дауыс ырғағы мен қимылдарын мысығынан көріп-білгенін де жасырмады. Мысығы жүн түйіршікке тұншығып, жөтеліп жатқанда шығарған дыбыстар — Голлумның негізіне айналған.

Жанкүйерлер жасанды интеллект тақырыбын да көтерді. Серкис бұл туралы:

«Жасанды интеллект – бүгінгі шындық. Ол енді кетпейді. Бірақ ол шығармашыл адамдардың қолында болуы тиіс. Сонда ғана ол жақсылық әкеледі. Біз оған жауапты болуымыз керек», – деп пікір білдірді.


ПІКІР ЖАЗУ