Comic Con Astana-2025 фестивалінде Netflix үшін түсірілген алғашқы қазақстандық фильмнің кадрлары ұсынылды

0
185

Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты сахнасында Қазақстан мен Испанияның бірлескен жобасы – Netflix платформасына арналған «Бітім» (La Tregua) фильмінің эксклюзивті кадрлары алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл тарихи драмалық фильм – әлемдік стриминг алыбына арналған және халықаралық прокатқа шығатын алғашқы қазақстандық жоба болмақ. Картинаны испан режиссері Мигель Анхель Вивас түсірген. Ол «La Casa de Papel» («Бумажный дом»), «Extinction», «Inside» сияқты танымал туындыларымен белгілі.

Фильмнің басты рөлдерін Netflix жобалары арқылы танылған актерлер Мигель Эрран («Бумажный дом») мен Арон Пипер («Élite») сомдайды. Қазақстандық актерлер қатарында Дина Тасболатова, Сергей Уфимцев, Алтынай Нөгербек және Фараби Аққозов бар.

«Бітім» фильмінің оқиғасы 1937-1945 жылдары Қазақстан аумағында орналасқан ҚарЛАГ лагерінде өтеді. Бұл жерде әртүрлі елдерден күшпен жеткізілген, кеңес режиміне қарсы шыққан немесе жалған айыпталған тұтқындар қамауда болған.

Туынды екіге бөлінген испандық достар мен сол зұлмат заманда адамдық болмысынан айнымаған қазақ зиялысының тағдыры арқылы рух, төзім мен адамгершілік жайлы терең ой қозғайды.

Фильм арқылы Қазақстанның өзге ұлт өкілдері үшін екінші Отанға айналғаны, қиын-қыстау кезеңде ынтымақ пен мәдениет үміт пен тірекке айналғаны көркем тілмен суреттеледі.

Фестиваль барысында көрсетілген кадрлар суық түсті гаммасымен ерекшеленеді. Қармен көмкерілген қазақ даласы, үсік пен боранға қарсы күрескен кейіпкерлер тағдыры көрерменге ауыр тарихи шындықты сезінуге мүмкіндік берді.

Жобаның продюсері — Эмилио А. Пина. Ол 20-дан астам испан телехикаялары мен фильмдерін жасаған тәжірибелі маман. Қазақстан тарапынан жобаны продюсер Аманат Қонақбаев басқарады.

Сондай-ақ жобада Даир Қаракеев, Даурен Байғалиев, UMAI FILM атынан Жарасхан Күлпиенов пен Әлия Далабаева продюсерлік етеді. Қазақстандық тараптың үйлестірушісі — медиаменеджер Ерлан Бекхожин.

Фильм қазіргі уақытта постпродакшн кезеңінің соңғы сатысында. Қазақ және орыс тілдерінде дубляж жасауға дайындық жүріп жатыр.

Картинаның премьерасы 2025 жылдың соңына – күз-қыс мезгіліне жоспарланған. Қыркүйек айында «Бітім» фильмі Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінде конкурстан тыс көрсетілмек.

Бұл жоба – Қазақстан мен Испания арасындағы алғашқы ірі кинематографиялық ынтымақтастықтың нәтижесі.


ПІКІР ЖАЗУ