Comic Con Astana-2025: Скотт Эдкинс жұлдызды күнді ашты

0
187

Comic Con Astana-2025 фестивалін алғашқы екі күнде 29 мыңнан астам адам тамашалады. Үшінші күні басты сахнада голливудтық актер, жекпе-жек шебері Скотт Эдкинс жанкүйерлермен кездесті.

Скотт Эдкинс көрермендерге «Неоспоримый» фильміндегі Юрий Бойка рөлімен танымал. Сондай-ақ ол «Джон Уик 4», «Доктор Стрэндж», «Ип Ман 4» сынды фильмдерде де ойнаған.

Актер Астананың көрікті жерлерін аралап, жергілікті тағамдардың дәмін татып, қала мен халықтың қонақжайлығына тәнті болғанын айтты:

«Қала өте әдемі екен. Адамдар өте жылы қарсы алды. Тамақтары да ерекше дәмді», – деді ол.

Ол Бойка рөлінің шығармашылық жолындағы маңызын атап өтіп:

«Бұл жай ғана жауынгер емес, ар-намысы бар адам. Мен оны бар болмысымен көрсетуге тырыстым», – деп бөлісті.

Фестиваль 9–13 шілде аралығында «Астана Арена» мен «Барыс Аренада» өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар жалпы 75 мыңнан астам қонақ, соның ішінде 10 мың шетелдік турист келеді деп күтіп отыр.

Comic Con Astana-2025 Астана қаласы әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтуде.


ПІКІР ЖАЗУ