Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының төрағасын қабылдады

Кездесу барысында ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы akorda.kz -ке сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандағы қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға және активтерді қайтару тиімділігін арттыруға үлес қосып жүрген басты халықаралық платформа ретінде «Эгмонт» тобының маңызы зор екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның «ақшаны жылыстатуға қарсы» ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға сай одан әрі жетілдіруге ниетті екенін растады.
Президент заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қабылданғанын жеткізді.
Эльжбета Франков-Яскевич Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, оның тиімділігін атап өтті.
Фото “Aqorda” телеграм каналынан алынды.








