«Астана Операда» «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы өтті

0
197

20-21 маусым күндері Астанада «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында «Астана Опера» театрының сахнасында П.И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің жаңа қойылымы көрерменге жол тартады.

Бұл классикалық туындыны «Астана Опера» балет труппасының жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова сахналап отыр. Жаңа қойылым – шеберлік пен заманауи көзқарастың үйлесімі. Бұл ретте сахналық шешімдер, декорациялар мен костюмдер көркемдік тұтастыққа негізделіп жасалған. Спектакльде басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан (ханзада Дезире) мен Мәдина Өнербаева (ханшайым Аврора) орындайды. Сондай-ақ Шұғыла Әліпхан мен Ерік Рахматуллаев секілді талантты әртістер өнер көрсетеді.

«Бұл қойылым – тек би немесе техника ғана емес, жан мен сезімнің, тәрбиелік мазмұн мен көркемдік шеберліктің синтезі. Негізі қойылымның түпнұсқасы 4 сағат, алайда қазіргі таңда 4 сағат отыру адамдарға қиындық тудырады. Сондықтан біз қойылымды барынша мәнін, мазмұнын сақтай отырып біраз қысқарттық», – дейді труппаның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Қойылым музыкалық тұрғыдан да жоғары деңгейде ұсынылмақ: оркестрді дирижер Арман Оразғалиев басқарады. Декорациялар бойынша – итальяндық суретші Риккардо Массирони, костюмдер эскиздерін «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жасап, сахналық бейнелерін Анна Верде жүзеге асырды. Барлығы 400-ден астам костюм тігілген.

Бұл нұсқаның ерекшелігі – әйгілі Мариус Петипаның түпнұсқа хореографиялық партитурасы сақталып, заман талабына сай сахналық тәсілдермен жаңғыртылған. Қойылымның шынайылығы мен эмоциялық тереңдігі балет өнерін бағалайтын қауым үшін үлкен сый болмақ.

П.И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы» алғаш рет 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Мариин театрының сахнасында қойылған. Содан бері бұл туынды әлем сахналарында махаббат пен сұлулықтың символы ретінде көрерменнің ықыласына бөленіп келеді. Енді ол «Астана Операда» ұлттық сахна дәстүрі мен халықаралық өнердің тоғысуы арқылы жаңа қырынан ұсынылмақ.

НАЗЫМ Маликкызы


ПІКІР ЖАЗУ