ҚАНДАСТАР ҰЛТ РЕТІНДЕ ЖОЙЫЛУ ҚАУІПІНЕН ЕКІ РЕТ САҚТАП ҚАЛДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауда шешуші рөл атқаратын бірегей құрылым. Соңғы 30 жылда аталған ұйым түрлі этностардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасап қана қоймай, патриотизмді күшейту, ұлттық бірегейлікті сақтау және жастармен жұмыс бағыттарында да ауқымды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Бұл сұқбатта саясаттанушы Ержан Төлекпен ҚХА-ның басты жетістіктері, жастар саясаты, қандастарды қолдау шаралары және репатриация үдерісінің тарихи маңызы жөнінде кеңінен сөз болады.
ҚХА-ның соңғы 30 жылдағы ең басты жетістіктері қандай деп санайсыз?
— Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау мен нығайту жолында бірегей институционалдық құрылым ретінде қалыптасып, өз рөлін абыроймен атқарып келеді. Бұл құрылымның ең үлкен жетістігі – 130-дан астам этнос өкілінің бейбіт әрі тату өмір сүруіне мүмкіндік жасап, ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуі. Ұйымның парламенттегі өкілеттілігі де айрықша. Атап айтқанда, Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Сонымен қатар, Парламенттің 30 депутатынан тұратын «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жұмыс істейді. Елімізде қазіргі кезде 1000-нан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Сонымен қатар, патриотизмді күшейту, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, ортақ құндылықтар кеңістігін жасау бағыттарында да Ассамблея зор үлес қосып келеді. Этномәдени бірлестіктердің қолдауымен 30-дан астам тілде оқу орталықтары мен БАҚ-тың жұмыс істеуі – мәдениет пен тілдердің дамуына қосылған тағы бір маңызды жетістік.
Қазіргі таңда ҚХА-ның жастармен жұмысындағы басым бағыттары қандай?
— ҚХА қазіргі уақытта жастармен жұмысты белсенді жүргізіп келеді. 2021 жылы құрылған “Жастар Ассамблеясы” республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңірлерінде өкілдік ашып, мыңдаған жасты ортақ жобалар төңірегіне топтастырды. Басым бағыттар ретінде патриоттық және тарихи сана қалыптастыру, мемлекеттік тілді оқыту, медиа және цифрлық бастамаларға тарту, еріктілік пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын атауға болады. Бұл жастарды елдік мүддеге жұмылдырып, қоғамдық белсенділікке ынталандыруда үлкен рөл атқаруда.
ҚХА-ның рөлі этносаралық түсіністік пен тұрақтылықты нығайтуда қаншалықты тиімді?
— ҚХА бүгінде еліміздегі этносаралық диалогтың басты алаңына айналды. Оның тиімділігі – этносаралық байланысты үйлестіре отырып, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында көпір бола алуында. ҚХА арқылы жүзеге асып жатқан мәдени, білім беру, ақпараттық жобалар этностар арасында өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, қоғамдағы бейбітшілік пен саяси тұрақтылықтың сақталуына оң ықпал етіп отыр.
Қазақстанға оралған қандастардың әлеуметтік бейімделу үдерісі қалай жүзеге асуда?
— Көші-қон – үлкен тарихи әрі әлеуметтік үдеріс. Шетелден келген қандастардың бейімделу жолы әртүрлі қиындықтармен қатар жүруі мүмкін. Тілдік, менталитеттік, әлеуметтік-экономикалық кедергілер әлі де кездеседі. Дегенмен қазіргі таңда бұл бағытта оң өзгерістер бар. Мемлекет тарапынан бейімдеу орталықтары ашылып, құжат рәсімдеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, оқыту, медициналық қызмет көрсету бағытында көмектер көрсетілуде. Ең бастысы – қандастардың қоныстанған өңірлерінде туыстары, жерлестері, этникалық орталар бар. Олар әлеуметтік жағынан бейімделуге зор қолдау көрсете алады.
Өз тарихи отанына оралған шетелдік қазақтарға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар?
— Қандастарға көрсетілетін негізгі қолдаулардың бірі – “қандас” мәртебесін беру және азаматтық алуды жеңілдету. Сонымен қатар көші-қон квотасы аясында бір реттік жәрдемақы, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық төлемдерді өтеуге арналған субсидиялар беріледі. Сондай-ақ білім саласында дайындық курстары мен гранттар арқылы жоғары білім алуға қолдау көрсетіледі. Бұл – шеттен келген қандастардың елге бейімделуіне, әлеуетін іске асыруына нақты жағдай жасаудың көрінісі.
Репатриация үдерісі – бұл тек көші-қон емес, мәдени және тарихи жадыны жаңғырту деп те айтуға бола ма?
— Әрине, дәл солай деуге болады. Біздің ең басты инвестициямыздың негізгілері – сырттағы қазақтар деуге болады. Қандастар бізді ұлт ретінде жойылу қауіпі төнген сәттерде екі рет сақтап қалды деп айтуға болады. Алғашқысы 1962 жылы Қытайдан 200 мыңдай қандасымыз Отанға оралды. Оның алдында ғана яғни 1959 жылы жүргізілген санақта титулды ұлттың саны небары 29 пайыз ғана болып, өз жерінді азшылдыққа айналған еді. Себебі, тың және тыңғайған жерлерді игеру үшін сан ұлттың өкілі Қазақстанға ағылған болатын. Осындай қиын-қыстау кезде сырттан келген қазақтар ұлттық болмыс, мәдениет, салт-сана, тілді сақтауда тарихи рөл ойнады. Кейін отарлаудың азабынан әзер шығып, көп дүниесінен айырылып Тәуелсіздікке әупірімдеп қол жеткізген Қазақстанға сырттан ағылған қазақтар көп дүниені әкеліп, ұлттық болмыстың толығып, кемелдеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ұлттық бірегейлік пен тарихи жадыны қайта түлетті. Сондықтан репатриация үдерісін – бұл рухани көшу, мәдени жаңғыру, әрі Қазақстанның ұлттық тұтастығын күшейтетін маңызды тарихи процесс деп толық айтуға болады.
Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ