Ақтау қаласының маңына құлаған ұшақта 67 адам болған

Фото: halyq-uni.kz
Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың бортынын ішінде Қазақстан азаматтары да болған, деп хабарлайды Democracy.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды.
«Зардап шеккендер бойынша ақпарат нақтылануда. Аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді. Барлығы ТЖД, МӨСҚ, ПД-ның 150 жеке құрамы, 45 бірлік техникасы жұмылдырылды. Жолаушылардың тізімі нақтылануда», – деп хабарлады ТЖМ.
Baza-ның дерегінше, ұшақтың ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары болған.
Оқиға бойынша Әзербайжан тарапынан ресми мәлімдеме жасалды.
«J2-8243 «Баку – Грозный» рейсін орындаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 км қашықтықта апатты жағдайда қонды. Оқиға туралы қосымша ақпарат жұртшылыққа ұсынылады», – деп хабарлады Azerbaijan Airlines компаниясы желідегі парақшасында.