Әлемдік поэзия фестивалі. Қазақстаннан Дүкен Мәсімханұлы арнайы шақырылды

0
11

13-19 желтоқсан аралығында Тайланд астанасы Бангкок пен Паттайя қалаларында әлем ақындарының  7-ші Боао халықаралық поэзия фестивалі өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әлемдік жыр тойына жер шарының түкпір-түкпірінен ақындар келді. Ал фестивальге қазақ ақыны ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қытайтанушы-ғалым, белгілі ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы арнайы шақырылды.

«Өз басым бұл жолғы әлем ақындарының кездесуі  өте жемісті болды деп есептеймін.

Себебі, әлемнің әр түкпірінен келген ақындар бір-бірімен жақын танысып, бір-бірімен сырласып, пікір алмасып, бір-бірінің шығармашылығынан бастап, бір-бірінің елінің әлеуметтік, рухани салаларына  да барынша ден қойды”, дейді Дүкен Мәсімханұлы.

Әлем ақындарының бас қосуының ең үлкен жеңісі мен жемісі — Халықаралық ақындар ПЕН-клубының (Poets international PEN club — 國際詩人筆會 — نادي القلم الدولي للشعراء) құрылуы болды.

Жергілікті БАҚ өкілдері мен фестивалға қатысушылар бұл ұйымның құрылуын адамзат баласының рухани өміріндегі елеулі оқиға деп сыйпаттады.

“Аталған ұйым болашақта адамзат баласын бір-біріне жақындатып, адами рухани туыстық қатынасты тереңдетуге игі ықпал ететін  ұйым болмақ.

Өйткені адамзаттың бір ғана ортақ Отаны бар, ол – жершары. Сондай-ақ адам баласының ең негізгі тілдік құбылыстары (күлу, жылау, қуану, мұңаю…) бір-бірінмен  мүлде ұқсайды.

Сондай-ақ  адами құндылықтар (шапқыншылық, қатыгездік, алаяқтық, ұрлық, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдамкөстік, надандық, парақорлық…т.б.  жек көру; Ізгілікті, тазалықты, әділеттілікті, теңдікті, мейірімділікті, бейбітшілікті, теңдікті  сүю) барлық халықтарда өте ұқсас екені белгілі. Сондықтан  адамзаттың рухани көгершіні  саналатын ақындар осы клуб арқылы адамзатты жақындастыруға лайықты үлес қосады деп ойлаймын”, деді Дүкен Мәсімханұлы.

Бангкокта өткен тұңғыш құрылтайда ашық дауыс беру арқылы клубтың төрағасы, атқарушы директорі және олардың орынбасарлары сайланды. Сонымен қатар, клубтың басқарма  мүшелігіне әлемнің әр елінен келген 15 ақын сайланды.

Ал Қазақстанның атынан Халықаралық ақындар ПЕН-клубының басқарма мүшесі болып Дүкен Мәсімханұлы сайланды.

Сондай-ақ, фестиваль аясында әлемнің әр шалғайынан келген 20-шақты ақын 2024 жылы “Әлем поэзиясы” (WORLD  POETRY — 世界詩歌) журналына шыққан өлеңдері бойынша марапатқа ие болды.

Айта кетейік, Халықаралық ақындар ПЕН-клубының штаб пәбері — Австралияның Сидней қаласында орналасады. Алдағы жылы клубтың ІІ құрылтайы Австралияның Сидней қаласында өтеді.


ПІКІР ЖАЗУ