Мұғалім Алмагүл Нәбиеваға Доскей ауылының 30 тұрғыны несие алып берген
Қарағанды облысындағы Доскей ауылының ондаған тұрғыны мектеп мұғалімінің үстінен полицияға арыз жазды. Айтуларынша, мұғалім әрі үш баланың анасы оларға несие рәсімдеп, ақшаны өзінің шотына аударуды сұраған. Осылайша тұрғындар ұстазға 92 миллион теңге несие әперген. Бұл туралы Democracy.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұғалімнің өтінішімен Доскей ауылының 30 тұрғыны несие алған. Олардың қатарында оқушылардың ата-аналары, мектептегі әріптестері мен таныстары бар.
«Ол жалынып, сұрады. Бұл ақша мүлікті бөлу үшін қажет екенін айтты. Мен оған сол үшін көмектестім. Бірақ ол соншалықты қарызы бар екенін айтпады. Күйеуім білмейді, ол несие алуға үзілді-кесілді қарсы деп айттым. Сонда да қайтпай, күйеуіңе айтпа, 2 айдан кейін өзім жауып тастаймын деп уәде берді», – дейді Доскей ауылының тұрғыны Айсұлу Қасымова.
Тағы бір тұрғын мұғалімге үш баласы үшін көмектестім дейді.
«Оны жеке танитынмын. Әкесі мектеп директоры, өзі мұғалім, осында тұрады. Сондықтан мен оған сендім. Оның жағдайына кіріп, көмектестім. Оның үш баласы бар. Менің ойымша, оған сол себепті көмек қажет болды. Осылайша оған көмектестім. Мен оған телефонымды бердім, ол несиені өзі алды», – дейді тұрғын Кенжегүл Қожанова.
Мұғалім Алмагүл Нәбиеваға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, прокуратура оны жауып тастапты. Себебі оның әкесі Доскей ауылындағы мектеп директоры. Жуырда ғана ауыр сырқаттан емделіп жұмысқа оралыпты. Қызы әлі күнге дейін бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүр екен. Ол өз атынан да несие алыпты. Ақшаның барлығын белгілі бір танысыма бердім, дейді.
«Нәбиеваның әркімнің атынан несие алып жүргенін маған ешкім айтқан жоқ. Бұл туралы ауруханада жатқанда кездейсоқ білдім. Қазіргі уақытта оның соңына түскен алаяқтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Адамның алаяқтың арбауына түсіп қалуы оны жұмыстан шеттету керек дегенді білдірмейді. Ол қалыпты түрде жұмыс істейді және басшылық қызметте де, білім бөлімінде де жақсы қызмет атқарады», – деді Байтұрсынов атындағы мектеп директоры Әбдрашит Шұңғылов.
Ал Алмагүлдің айтуынша, ол өткен жылдың тамыз айында өзін құрылыс компаниясында кәсіпкермін деп таныстырған ер адаммен танысыпты. Ол өзінің діндар екенін, балаларды жақсы көретінін айтқан. Алмагүл ажырасқан, үш баласы бар. Жаңа танысқан ер адам оған қамқор болатындай көрінген. Бірақ ер адам әйелден тұрақты түрде ақша сұрай бастаған. Алғашында аз мөлшерде, содан кейін көбірек сұраған.
«Мен бұл соманы, сағат 5-ке дейін бермесем, ол бұған дейін алған қарыздарды қайтармайтынын айтты. Қарыздың бәрін бір өзім қалай жабамын? Осы қорқынышпен адамдардан қарызға ақша алдым. Түнде сыртқа шығып таныстарымнан ақша сұрай бастадым», – дейді мұғалім Алмагүл Нәбиева.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.