Қостанайда жедел жәрдем қызметкерін науқастың жақындары соққыға жыққан

0
5

Қостанайда науқастың шақыртуына барған жедел жәрдем қызметкері Анель Баймурзинаның өзі соққы алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Оған науқастың жақындары шабуыл жасаған. Бұл туралы Democracy.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігі мен  Alau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Анель Баймурзинаның айтуынша, ол сол түні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге “Демікпе, жүрек” деп шақырту түскен.

“Біз шақырту бойынша бардық. Бізді күтіп алғанда да олар озбыр мінез көрсетті. Жұмысымызға кірісіп, алғашқы көмекті көрсете бастадық. Бірақ науқастың қыздары жұмысымызға кедергі жасады. Егер бірнәрсені дұрыс істемесек, бізді қарғап, түрмеге отырғызатынын айтты. Науқастың демі тоқтаған соң реанимациялық шараларға кірістік. 30 минуттай аман алып қалу үшін күрестік, алайда мұнымыз сәтсіз болды. Оларға көңіл айттық”, – дейді жәбірленуші.

Медицина қызметкері сол сәтте науқастың қыздары өзіне шабуыл жасағанын айтты.

“Мені теуіп, шашымнан ұстап, ұра бастады. Жанымдағы екінші фельдшер мен жедел жәрдем жүргізушісі маған араша түсті. Алайда әйелдерге төтеп бере алмады. Олар ашулы әрі күштірек еді. Менің жан даусым шыққан соң жүргізуші көрші үйден көмек сұрап, полиция шақыруын өтінген. Бұл кезде мені шашымнан ұстап алып, ұрып жатқан еді. Бірақ көршінің өзі келіп, мені құтқарып қалды”, – дейді жапа шеккен фельдшер.

Анельге мидың шайқалуы, самай аймағының гематомасы, бетінің жұмсақ тіндері сырылған деген диагноз қойылды. Ол ауруханаға жатқызылды.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Анықталғандай, алғашқы медицина көмегін көрсету кезінде үй иелері мен дәрігерлер арасында жанжал болған. 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақатын салған”, – делінген хабарламада.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір «ұрып-соғу» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.



ПІКІР ЖАЗУ