Атырауда су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен Пшөн есімді итті атып кеткен

0
24

Атырау облысы Сарытоғай ауылында су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектескен Пшөн есімді иттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды democracy.kz ақпараттық порталы  Dalanews.kz -ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің 316-бабы (“Жануарларға қатыгездік көрсету”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Бұған дейін облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы итті аудандық ветеринариялық станция қызметкерлері атып өлтіргенін хабарлаған болатын.

Ресми мәліметке сәйкес, 28 қараша күні Махамбет ауданындағы ветеринарға жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, ауласында қараусыз жүрген үш иттің өзіне кедергі келтіргенін жеткізген. Оқиға орнына жеткен мамандар иттерге ұйықтататын оқ (дротик) қолданған. Екі ит ұйықтатылып, үшінші ит өзен жаққа қашып, белгісіз жағдайда қаза тапқан.

“Қазір аудандық прокуратура мен полиция ветеринариялық станция мамандарының іс-әрекетінің заңдылығын тексеруде. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады”, – делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін әлемжеліде көктемгі су тасқыны кезінде атыраулық тұрғындарға көмектескен “Пішөн” есімді иттің атып өлтірілгені туралы ақпарат тараған еді.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов иттің өліміне байланысты арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнамада жануарларды атуға тікелей рұқсат жоқ, бірақ белгілі бір жағдайларда шара қолдануға мүмкіндік бар.

“Егер жануар агрессивті мінез көрсетсе, адамға шабуыл жасаса немесе құтырма ауруына шалдыққан болса, оны шектеуге болады. Бірақ Атырауда нақты не болғанын айту қиын, себебі біз ол жерде болған жоқпыз”, – деді Жаңбыршин Мәжіліс дәлізінде.

Сонымен қатар ол иесі бар итті өлтіргендер заң бойынша жауапқа тартылатынын айтты.

“Егер ит иесіне тиесілі болса және оны өлтірсе, бұл заңға қайшы әрекет болып саналады. Мұндай жағдайда жауапкершілікке тарту көзделген. Толығырақ мәлімет алу үшін Атырауға барып, жергілікті органнан сұраған жөн. Қазір бұл оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр”, – деді депутат.

 


ПІКІР ЖАЗУ