Миллион қайда кетті?

0
18

Астанада тұратын кәсіпкер әйел көктемде банк картасын жоғалтып алып, тек күзде ғана одан миллиондаған ақша шешілгенін анықтаған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеп жатқан ұрлық ісінің мән-жайын Polisia.kz сайты жариялады.
«Жәбірленуші қарашаның аяғында арызбен жүгініп, наурыз бен қазан айлары аралығында белгісіз біреулер оның банк картасын алдап алғанын және пайдаланғанын мәлімдеді. Жалпы шығын сомасы 17 миллион теңгеден асқан», – делінген хабарламада.
Әйел астаналық ЖШС директоры екені нақтыланды.

Полиция қызметкерлері ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында қаскөйлердің Талапкер ауылындағы жанармай құю бекетінде дизель отынын қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қылмысты ашу үшін барлық қажетті шараларды жүргізді.
«Нәтижесінде полицейлер сол ЖШС-де бұрын жүргізуші болып жұмыс істеген 38 жастағы ер адамды анықтады. Қазіргі уақытта оның қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Әйел картаның жоғалғанын байқамай, жеті ай бойы шоттың балансын тексермегені атап өтілді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары кәсіпкерлерді өз мүлкіне мұқият болуға шақырды.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды


ПІКІР ЖАЗУ