100 жыл бұрын жазылған құпия құжаттар жойылудың алдында тұр

0
20

Қарағанды облысында архивтегі құжаттар бүліне бастаған. Құпияға толы тарихи құжаттар құрып кетудің аз алдында тұр, — деп хабарлайды democracy.kz ақпараттық порталы  Massaget.kz — ке және «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, оларды сақтайтын мұрағат жоқ. Бар ғимарат бүлініп, бұзылып кеткен. Тіпті том-том қағаз мекемеге сыймай, дәлізге көшірілген.

Оқиға Қарқаралы ауданындағы сиқы кетіп, сұрқы қашқан архив ғимаратында болып жатыр. Стратегиялық нысан 1972 жылдан бері қолданыста. Қазір мұнда 180 мыңға тарта маңызды әрі құпия құжат бар. Ал оның 20 мыңнан астамы қоймаға сыймай, дәлізде тұрған көрінеді. Ал құлауға шақ тұрған құрылыста қызмет етіп жүрген мамандар мұрағаттың мүшкіл күйіне алаңдайды.

«Өңірдің өткені мен бүгінін жиған нысан бір-ақ күнде күлге айнала ма?!» — деп қорқып отыр олар.

«Ғимарат 1972 жылы салынған. Еденнің бәрі тегіс емес. Құлауы мүмкін, қозғалып тұр. Бұл өте қауіпті. Төбесін дұрыстауға арнайы ақша бөлінді. Бұрын су ағатын. Қазір ақпайды», — деді Қарқаралы аудандық мемлекеттік архивінің директоры Манарбек Кәрім.

Тағы бір түйіні шешілмеген түйткіл — ғимарат қоймасы мен кеңсесінің жапсарласа орналасуы. Бірнеше адам қатар жұмыс істейтін 2 ғасырлық кеңсе бетонсыз, қызыл кірпіштен салыныпты. Егер алда-жалда өрт болып немесе су деңгейі көтерілсе, нысанның сыр беруі ғажап емес. Мемлекеттік мұрағаттың директоры тіптен мұндағы тарихи маңызы бар құжаттар жойыла бастағанын айтады. Ал бұған қойманың талапқа сай болмауы тікелей әсер еткен.

«Сыз болған соң осылай оңып кеткен. Компьютерге салып, қазір екі жұмыс істеп отырмыз. Архивке құжаттарды сақтап, келешекке жеткізу үшін жаңа ғимарат керек. Ал кеңсе ағаш үйде тұр. Ол өте қауіпті», — деді Қарқаралы аудандық мемлекеттік архивінің директоры Манарбек Кәрім.

Қарқаралы аудандық архивіндегі құпия құжаттардың әрісі 100 жыл бұрын жазылған екен. Мұны өңірдегі тарихшылар растап отыр.

«100 жыл бұрынғы Қарқаралы архивінен уақытша алынған сол кездегі құпия құжаттар. Сақталу жағдайы қазір төмен деңгейде. Сақтау мүмкіндігі жоқ деуге болады. Дымқылдығы, ауа температурасына лайық болуы керек. Кез келген уақытта су астында қалу қаупі бар. Облыстық, аймақтық деңгейде көтерілмесе, сан соғып қалуымыз мүмкін», — деді тарихшы-этнограф Темірғали Аршабеков.

«Бүгінгі таңда мәселені шешудің екі жолы бар. Архивке жаңа ғимарат салу керек, болмаса соған ыңғайлы нысан тауып беру қажет. Оның өзінде архив талаптарына сай жабдықталуы тиіс. Қазіргі мекеме ұжымы отырған ғимарат ескі, бірақ апаттық жағдайда емес», — деді Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ильдар Әкімбаев.

Келер жылы басқарма тарапынан Қарқаралы аудандық архивінің ғимаратына жан-жақты сараптама жүргізілетін болды. Ал оның қорытындысы жарияланған соң мекемені өзге ғимаратқа көшіру, болмаса жаңасын салу мәселесі қарастырылады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды


ПІКІР ЖАЗУ