Сіздің атыңыздан алаяқтар несие рәсімдегенін қалай білуге болады?
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар сіздің атыңызға кредит рәсімдесе не істеу керегін айтты, — деп хабарлайды democracy.kz ақпараттық порталы Massaget.kz -ке сілтеме жасап.
Алаяқтар кредит рәсімдеген жағдайда не істеу керек?
- Қарыз рәсімделген кредиттік ұйымның атауын біліп, онда өтінішпен жүгініңіз;
- Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік тергеп-тексеруді жүргізуді талап етіңіз;
- Шарттың, оған қосымшалардың және жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ ақша аударылған шот деректемелерін талап етіңіз;
- Кредит берген және шартты рәсімдеген қызметкердің деректерін нақтылаңыз;
- Құқық қорғау органдарына өтініш беріңіз.
Сондай-ақ агенттік құқық қорғау органдары өтінішіңізді тіркеу керек екенін ескертті. Сонымен қатар сізде қалатын өтініштің көшірмесінде құжаттың қабылданған күні көрсетілген тіркеу нөмірі болуы шарт.
Кредиттік ұйым құжаттарды бермесе не істеу керек?
Егер кредиттік ұйым сізге құжаттарды бермесе, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағыммен жүгінуіңіз керек.
Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтар алғанын дәлелдей алмаса, орналасқан жері бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгіну қажет.
Егер сот сіздің пайдаңызға шешім шығарса, онда кредиттік ұйым:
- сізден қарыз төлеуді талап етуді тоқтатуға;
- берешекті есептен шығаруға;
- қарыз берген ұйым кредиттік бюроға сіздің несие тарихыңыздан басқа біреудің қарызы бойынша ақпаратты алып тастау туралы хат жіберуге міндетті.
Сіздің атыңызға кредит рәсімделгенін қалай білуге болады?
Ол үшін кредиттік тарихыңызды жиі тексеріп тұру қажет. Есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚКО-дан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.
Агенттік кредиттік тарихыңызды тоқсан сайын кемінде бір рет тексеріп тұру керегін еске салды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды