«Астана Опера» оқушыларды күзгі демалыста күтеді

Мектеп демалысы – оқушылар үшін әрдайым мереке, сондықтан олар бұл кезеңді
көңілді әрі пайдалы өткізу үшін «Астана Опера» жас аудиторияға арналған
қызықты бағдарлама әзірледі.Сонымен, 2 қарашада театрдың Үлкен залы
сахнасында П.Чайковскийдің балалар сүйіп тамашалайтын «Щелкунчик» балеті
ұсынылса, 3 қарашада К.Байсейітова атындағы Камералық залда Ц.Кюидің
маңызды өмірлік құндылықтарды ұғынуға көмектесетін «Етік киген мысық» опера-
ертегісі өтеді.
«Щелкунчик» – «Астана Опера» репертуарындағы ең ғажайып қойылымдардың бірі.
Былтыр елордалық ұжым осынау тамаша балетті «Дубай Опера» сахнасында гастроль
аясында таныстырғанын ерекше айта кетуіміз керек. Әсем декорациялар театр кеңістігін
сиқырлы атмосфераға толтырып, спектакльді керемет етеді. Бұл жаңа жылдық алып
шырша, оның айналасындағы ойыншықтар және әлбетте, баяу жауған ұлпа қар.
Э.Т.А.Гофман ертегісінің желісі бойынша жазылған балет балалар мен ересектерге бірдей
қызықты. Дегенмен бұл жолы «Щелкунчик» өзінің шытырманға толы оқиға желісімен
ғана емес, маңызды дебюттермен де есте қалғалы тұр. Сонымен, Маридің партиясын
алғаш рет театрдың балет труппасының солисі София Әділханова орындайды, ал солист
Диас Құрманғазы Щелкунчик-Ханзаданың рөлінде дебют жасайды. Дроссельмейердің
рөлін жетекші солист Олжас Тарланов сомдайды. Спектакль күні «Астана Опера»
симфониялық оркестрі италиялық дирижер Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өнер
көрсетеді.
Сондай-ақ Шарль Перро туындысының желісі бойынша жазылған «Етік киген мысық»
опера-ертегісі де жас көрермендер үшін қызықты болмақ. Құрамына режиссер Еренбақ
Тойкенов, музыкалық редакция авторы Әлихан Ыдырысов, дирижер Элмар Бөрібаев енген
қойылымдық топ Шарль Перро ертегісінің негізгі идеясы – достық, ептілік пен
батылдықтың көмегімен кез келген мақсатқа жетуге болатынын түсіндіруге тырысты.
Спектакль балаларды ешқашан мойымауға және әрдайым батыл болуға ынталандырады.
Сондай-ақ бұл күні спектакльдегі басқа да кейіпкерлердің рөлдерін театр солистері жүзеге
асыратынын айта кетуіміз керек. Ақылды Мысықтың басты партиясын Нарұл Тойкенов
таныстырады, ал Патшаның рөлін Валерий Селиванов, Адамжегішті Шыңғыс Расылхан
орындайды. Сұлу Ханшайымның бейнесін Ұлпан Әубәкірова сомдайды.
Спектакльдердің басталуы 18.00-де және 15.00-де.
