Сенат отырысында Қазақстан мен Вьетнам ынтымақтастығы және цифрландыру мәселелері талқыланады
Бүгін Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат Бюросының отырысы өтіп, 31 қазан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру міндеттері талқыланды. Алдағы отырыста Сенат екі мәселені қарастырады:
1.«Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталғандарды беру туралы шартты ратификациялау» заңы. Бұл құжат сотталған азаматтардың жазасын өз елінде өтеуіне мүмкіндік беріп, құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
2.Цифрлық даму министрінің цифрландыру мәселелері бойынша депутаттық сауалдарға жауабы тыңдалады. Отырысқа басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.
Сондай-ақ, сенаторлардың алдағы уақытта АЭС құрылысына байланысты Курчатов қаласында өтетін радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандармен кездесу ұйымдастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде аграрлық секторды дамыту, қолжетімді несиелендіру және денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған кездесулер өткізіледі.
Бұл отырыста, сонымен қатар, Мәжілістен түскен заңдар тұрақты комитеттерге бөлініп, жұмыс жүргізуге тапсырылды.