«ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» АТТЫ ОТБАСЫЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ
Елордада «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру қоғамдық бірлестігінің төрайымы, тарихшы, этнограф журналист Тұрар Сәттарқызы Шәкеннің ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай» ұлттық-этнографиялық сайыс өтті. Бұл іс-шараға қолдау көрсеткен Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығы.
Сайыстың негізгі мақсаты-қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын заманға сай жаңғырту, жастар арасында насихаттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жастар арасында дәріптеу және жас отбасылардың қоғамдық белсенділігін арттыру.
Қазіргі таңда қоғамда отбасы мәселесі жиі талқыға салынып жатады. Жанұяны сақтап қалудың сан қағидасын сан түрлі коуч, психологтар түсіндіріп әлек. Бірақ, кәдеге асып жатқыны санаулы ғана. Жемісті жанұяны құруда орасан зор еңбек пен табандылық керек. Елімізде осындай игі істерге үлгі ретінде атсалысып жүрген бірден бір адам Тұрар Сәттарқызы деп айтуға болады.
Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын бұл байқауда жас отбасылардың еңбегі, табандылығы айқын көрінді. Үлкен жобаның авторы Тұрар Сәттарқызының айтуынша бүгінде ұлттық құндылықтарды сақтауға атсалысып жүрген адамдар көп. Әр үйде қазақи тәрбие беріліп, дәстүріміздің сақталуына ары қара үлесімізді қоса беруіміз керек. Айта кетейік, бұл сайыс Астанада екінші рет өтіп жатыр. Егер іс-шараға әрдайым биліктің тарапынан қолдау көрсетіліп, халықтың арасында сұранысқа ие болса алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын атап өтті.
Таланттар сыналып, тартысты өткен жарыс үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар өзін таныстыру, қолөнер, ұлттық тағам жасау сияқты түрлерден бақ сынасты. Сайысқа 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім түсіп, байқау шартына сейкес 8 отбасы қатысты.
Сайыс соңында жеңімпаздар жүлделі орындар алып, бағалы сыйлыққа ие болды. Бас жүлдеге Мекебай отбасы лайықты деп танылды. Мұқажановтар 1 орын, Сембековтер 2 орын, Сауханов, Қызайхандар отбасы 3 орын алды. Ал, Қалитовтар – өнегелі отбасы, Пірімқұловтар – дәстүрге берік отбасы, Мұқановтар – көрермен көзайымы номинациялары бойынша марапатталды.