Астанада «Sun study» балаларды дамыту орталығы ашылды

0
43

26 қазан күні Астана қаласында балаларды дамытуға арналған «Sun study» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталық Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!» деген сөздерін негізге ала отырып, жастардың рухани және шығармашылық дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Ашылу шарасына еліміздің белгілі тұлғалары қатысып, лентаны қиып, ізгі тілектерін білдірді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Комитет төрағасының орынбасары, Химия ғылымдарының докторы Ақерке Абылайхан, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров сынды азаматтардың қатысуы шараның мән-маңызын арттырды.

Ашылу салтанатында ән мен би бағдарламасы ұсынылып, Анвара Әріпқызының жетекшілігімен «Гүлдер» ансамблі өнер көрсетті. Бүлдіршіндер аниматорлармен бірге ойындар ойнап, түрлі сыйлықтарға ие болды.

«Sun study» орталығының басты ерекшелігі – әр бөлмеде Алаш арыстарының суреттері мен ұлағатты сөздерінің жазылғандығы. «Әлихан Бөкейхан бөлмесі», «Ахмет Байтұрсынұлы бөлмесі», «Міржақып Дулатұлы бөлмесі», «Мағжан Жұмабай бөлмесі» деген атаулар балаларға ұлы тұлғалардың рухын сезіндіреді. Орталықтың интерьері балаларға еліміздің тарихи тұлғалары мен олардың шығармашылығы туралы білім алуға ынталандырады.

«Sun study» балаларды дамыту орталығының ашылуы – Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды оқиғалардың бірі. Орталықтың мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, оларды ел тарихымен таныстыру және рухани құндылықтарды сіңіру.

Орталықтың қызметі еліміздің болашағы – балаларымыздың рухани және шығармашылық дамуына оң әсерін тигізеді. «Sun study» орталығы – балалардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ерекше орын болмақ.


ПІКІР ЖАЗУ