«Тіл туралы» заңның талаптарын неге сақтамай жүрміз?
Алматы еліміздегі ең ірі мегаполис болғандықтан, мұнда кәсіпкерлік нысандар өте көп шоғырланған. Олардың басты мақсаты пайда табу болса да, ешқайсысы заң талаптарын аттап өтпеуі тиіс. Қазақстан Республикасы «Тіл» туралы заңының 21-бабына сәйкес маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде немесе басқа тілдерде жазылады. Деректемелер мен көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, ал орыс тілінде – оң жағына немесе төменгі жағына орналасуы тиіс. Сонымен қатар екі тілде жазылған жағдайда мәтіндегі әріптердің өлшемдері бірдей болу керек және ол нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы міндетті.
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Social project management орталығының мониторинг топ мүшелері «Тіл – татулық тірегі» жобасы бойынша қаладағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, қателерді анықтау мәніне мониторинг жүргізді. 12 адам үш үштен төрт топқа бөлініп, нысандарға шолу жасап шықты.
Мониторинг топ мүшесі Шыңғыс Санжарұлының айтуынша кәсіпкерлік нысандардағы қателер әртүрлі. Бірі қазақша грамматикалық қате жіберсе, бірі заң аясындағы тілдік стандарттарды дұрыс сақтамаған, ал енді бірінде ас мәзірлері тек орыс тілінде жасалапты. «Тіл туралы» заң брендтерге жүрмейді. Мысалы «Со складом» деген дәрінханалар желісі бар. Оларға барып неге мынау қазақша емес деп айта алмаймыз. Өйткені ол брендтің атауы» дейді Ш.Санжарұлы.
Жоба аясында қаладағы мың жарым нысанға мониторинг жүргізілген. Барлық аудандар қамтылып, арнайы тізім де жасалыпты.