Майра Мұхамедқызы – 30 жыл сахнада

0
52

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 12 қазан «Астана Операда» «Майра Мұхамедқызы. Сахнада 30 жыл» ауқымды концерті өтеді. Кеш еліміздің ең атақты опера әншілерінің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызының шығармашылық қызметінің мерейлі жылына арналады. Опера жұлдызы осымен отыз жыл бойы өзінің шеберлігімен және бірегей дауысымен барлықтарын тәнті етіп, көрермендердің жүрегінде өшпес із қалдыруда.

Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолы – бұл еңбекқорлыққа, кемелденуге деген талпынысқа және музыкаға деген махаббатқа толы жетістіктің тарихы. Сахнадағы алғашқы қадамдардан бастап, халықаралық деңгейдегі танымалдылыққа дейін – оның мансабының әрбір сәті жаңа шыңдарды бағындырумен байланысты.

— 30 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Мақтанышпен айта алатын жетістіктерім өте көп. Осынау жылдар ішінде мен 50 опералық қойылымда өнер көрсетіп, жанымның бір бөлшегі болып табылатын көптеген қазақ халық әндерін орындадым, қыруар концерттерге қатыстым, бұл – кез келген классикалық әншіге бұйыра бермейтін бақ. Әрине, мұндай жетістік үлкен еңбек пен зор ізденістің арқасында келеді. Сондықтан мен шығармашылық қызметімнің отыз жылдығына өз Отанымда қазығымды қағып, туымды тіктей отырып келдім дей аламын. Армандаған адам мақсатына жетпей қоймайды, сондықтан мен өзіммен мақтанамын, көп жылғы еңбектің арқасында биікке жеттім деп ойлаймын, — деді Майра Мұхамедқызы пікірімен бөлісе отырып.

Майра Мұхамедқызы – орындаушы ғана емес, ол өзінің мансабында жоғары кәсібилігін паш етіп қана қоймай, көптеген жас вокалистерді армандарының соңынан ілесуге шабыттандырды. Әртүрлі сипаттағы партиялар келе беретін оның сопрано дауысы үздік әлемдік сахналардан естіледі. Ол Париж (париждік «Гранд Операның» тұңғыш қазақстандық солисі болды!), Бейжің, Мәскеу, Вашингтон, Нью-Йорк, Лондон, Ыстамбұл, Дели, Сеул, Вена, Берлин, Будапешттің театрларында өнер көрсетті, алайда қазақстандық сахналар оның жүрегінде әрдайым ерекше орын алады. Астанадағы концерт оның өнерге қызмет еткен көпжылғы еңбегінің символы ғана емес, сондай-ақ қазақтың мәдениеті мен өзінің халқына деген сүйіспеншілігінің көрінісі болмақ.

Мерейтойға арналған концерттік бағдарламаны әртіс егжей-тегжейіне дейін өзі ойластырды. Кеш қонақтары Майраның орындауында айрықша естілетін әлемдік опера мұрасының үздік арияларымен қатар, қазақ композиторларының туындыларынан ләззат алады. Олардың қатарында «Ағажай Алтай» қазақ халық әні, Эйтор Вила-Лобостың «№5 Бразилиялық бахиана», Петр Чайковскийдің «То было раннею весной» және басқа да көптеген туындылар бар.

— Мен үшін «Астана Опера» театрының орны бөлек. Алматыдағы Абай атындағы театрда жиырма жыл, Францияда жеті жыл және елордада алты жылдай еңбек еттім. Ұлттық және әлемдік опералық қойылымдарда басты партиялардың барлығын орындадым деуге болады. Сондықтан концертте бала күнімнен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шырқаған арияларды, сондай-ақ халықаралық байқауларда өзім өнер көрсеткен туындыларды таныстырамын. П.И.Чайковский атындағы байқаудағы жеңісім – менің өмірімдегі айтулы оқиға болды, бұл додада мен лауреат атанған едім. Ол жерде концертмейстер ретінде менімен бірге керемет пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазіргі таңда АҚШ-та тұратын Теміржан Ержанов өнер көрсетті. Алда болатын концертте екеуіміз бірге сахнаға шығып, сол байқауда ұсынған туындыларды орындаймыз. Екеуіміз бірге байқауда шырқаған әндермен өнер көрсетеміз. Тосынсый болуы үшін бағдарламаның барлық егжей-тегжейін айтпай-ақ қояйын, десе де концертті көрермендер бұрын-соңды тамашаламаған ерекше форматта өткізгім келеді. Қазір режиссер әрі өзімнің байырғы досым Михаил Панджавидземен, неміс суретшісі Гарри Гуммельмен және өнердегі басқа да достарыммен бірге қызу дайындық үстіндеміз, — деп атап өтті әнші.

Бұл кеште «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижер тұғырында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин жарқын өнер көрсетеді. Театр хоры бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің басқаруымен өнерін паш етеді.

— Осынау 30 жыл бойы менімен бірге болып, қолдап келе жатқан көрермендеріме алғысым шексіз. Осы жылдар ішінде менің шығармашылығымды бақылайтын аудитория қалыптасты. Алдағы концертте олардың барлығын көргім келеді, барша өнер сүйер қауымды шақырамын, — деп қорытындылады Майра Мұхамедқызы.

Айта кетейік, танымал опера әншісі елордадан бастау алатын шығармашылық кешті Қазақстанның барлық қалаларында өткізіп, концерттер легін Шымкентте түйіндеуді жоспарлап отыр.

Концерттің басталуы 18:00-де.


ПІКІР ЖАЗУ