Жастар қызметкерлері психологиялық білім алды

0
48

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, өңірлік жастар ресурстық орталықтарының психологтарына және ниет білдіруші өзге психологтарға арнап оқыту курсын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – жастарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, жастарды дамытудың заманауи әдістерін басқарудағы психология жайында қатысушыларға кеңінен тарқатып түсіндіру және диагностика саласындағы психологтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Шара барысында теориялық және практикалық блоктар өтті. Оқыту аясында мотивациялық кеңес беру, психологиялық кеңес берудің негізгі әдістері, ақпаратты қабылдау түрлері, жастар ортасындағы девиантты мінез-құлық, топтағы психологиялық жұмыс, диагностикалық құралдар жинағы, сондай-ақ, жеке және топтық тренингтік сабақтар сияқты тақырыптар қозғалды.

Аталған оқытудың тренері Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК психологы – Әлжанова Айгүл Төлегенқызы.

«Мен, аталған оқыту курсы біздің әріптестеріміз үшін пайдалы болды деп санаймын. Өйткені біз жастарға қатысты көп нәрсені, ақпаратты қабылдау түрлерін, жастар ортасындағы девиантты мінез-құлықты талдадық. Бұл іс-шараға сұраныс көп болғандықтан, біз бұл оқытуды жыл сайын өткізіп отырамыз» — дейді өз сөзінде облыстық ЖРО бөлім басшысы Мақпал Жанарисова.

Шараға 35 жас психологтар қатысты. Шара соңында әр қатысушыға қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.


ПІКІР ЖАЗУ