Зеренді ауданында жастарға арналған оқыту лагері өтті
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, өңірдегі жастар ресурстық орталықтардың басшыларын, белсенді жастар мен волонтерлік орталықтарды тарту және біріктіру, жастар көшбасшылары мен үздік волонтерді анықтауға бағытталған көп компонентті диалог алаңын өткізу мақсатында, Зеренді ауданы «Парус» демалыс орнында, жастарға арналған жыл сайынғы «Еліміздің болашағы – жастардың қолында!» атты оқыту лагерін өткізді.
«Еліміздің болашағы – жастардың қолында!» — ауқымды облыстық іс-шара, оның шеңберінде қатысушыларға тәжірибе алмасу, өңірлерде іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу дағдыларына оқыту, жобалау жұмысы, ұжымдық ой-талқы жүргізудің инновациялық әдістерін және өмірлік стратегияларды қалыптастырудың жаңа технологияларын меңгеру мүмкіндігі беріледі.
Аталған шараның ашылу салтанатына Ақмола облысы Ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары – Кенжебаев Сабырхан Мейірханұлы қатысып, жастарды аталмыш лагердің ашылуымен шын жүректен құттықтап, игі тілегін жолдады.
«Шара жоспарланғаннан да жоғары деңгейдегі ұйымдастырылған мереке болады деп үміттемін. Елдің ертеңгі тізгіні – жастардың қолында. Сіздердей дарынды жастар Жаңа Қазақстанның гүлденуіне сүбелі үлес қосып, әлеуеті зор, бәсекеге қабілетті, дені сау азаматы болып, арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін! Баршыңызға жақсы көңіл күй және сәттілік тілеймін!» — деп, өз сөзінде басқарма басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев тоқталып кетті.
Сонымен қатар, шара барысында спикер ретінде Қазақстан Медицина Жастары төрағасы – Абылайхан Әбдірәш, Қазақстан Студенттер Альянсы төрағасы – Ұлан Наукен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы – Мәнсия Есекеева, Saulyq.life-жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау қозғалысының жетекшісі – Диляра Ерғалиева, аймақтық фронт-офистермен өзара іс -қимыл жөніндегі менеджері – Наурыз Елемесов сияқты арнайы қонақтар шақыртылып, жастар саясатын дамыту, волонтерлік бағыт және атом электр станциясын салу перспективалары және алдағы референдумдағы жастардың рөлі талқыланды.
Шараға сондай-ақ, Щучинск қаласындағы «Лидер Кз» волонтерлық ұйымы, «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігі, облыс бойынша жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, еріктілер және жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. «Қызыл жарты ай» ҚБ жастарға арнап алғашқы медициналық көмек бойынша дәріс беріп, практика жүзінде іске асырды.
«Аталмыш шара, өз жұмыстары мен жобаларын таныстыруға, өз әлеуетін ашуға арналған әмбебап алаңға айналды деген ойдамын. Айта ктеу керек, оқыту лагері облыстық ЖРО ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп отырады. Екі күндік оқыту лагері аясында қатысушылар арасында квест ойындар ойнатылып, экскурсия жүргізіліп, бард кештері ұйымдастырылды. Іс-шараның екінші күні, жабылу салатанында әр қатысушыға қатысқаны үшін сертификаттар табысталып, Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы – Ербол Абылайханға, Ақмола облысы бойынша «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» жастар қанатының төрағасы – Нариман Мендібаевқа және шақыртылған спикерлерге Ішкі саясат басқармасы басшысы А.А. Алиннің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Еліміздің болашағы — еліміздің даңқты тарихының болашағын айқындайтын жарқын да жігерлі жастар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз!» — дейді өз сөзінде облыстық ЖРО басшысы Дастан Ермеков.