Бас прокуратура мен Maqsut Narikbayev University арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті және Maqsut Narikbayev University арасында ғылым мен білім беру саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы Меморандум жасасты. Құжатқа 13 қыркүйек күні Бас прокуратура комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай мен Maqsut Narikbayev University Провосты Сергей Пен қол қойды.
Меморандум бірлескен талдамалық зерттеулер жүргізу мақсатында әріптестік қатынастарды дамытуға бағытталған. Келісімнің негізгі бағыттарының бірі – ғылыми ынтымақтастық, ортақ ғылыми мақсаттарға қол жеткізу үшін ақпарат, басылымдар және оқу материалдарымен алмасу.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің ақпараттық жүйелерінен статистикалық деректермен алмасуға ерекше назар аударылды. Бұл ретте дербес деректер мен нақты фактілердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.
Меморандумға қол қою барысында MIND ғылыми-талдау орталығының үйлестірушісі Альтаир Ахметов және MIND әлеуметтану мектеп жетекшісінің бірі Дмитрий Серебренников өз орталығының жұмыс нәтижелерін ұсынды.