Грузия мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Олжас Бектенов пен Грузияның бірінші вице-премьері Леван Давиташвили сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
“Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысына қатысу үшін Астанаға келген Грузияның бірінші вице-премьері – экономика және орнықты даму министрі Леван Давиташвилимен кездесті”.
Сондай ақ көлік және логистика, АӨК, энергетика, туризм, авиация өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері қаралды.
Биыл бірінші тоқсанда грузин инвесторлары Қазақстан экономикасына $88,5 млн инвестиция құйды, жалпы 10 жыл ішінде инвестиция көлемі $500 млн-нан асты.
«Қазақстан мен Грузия – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында белсенді ынтымақтастықта. Аталған бағыт бойынша жүктерді ауыстырып тиеу өткен жылы 65%-ға, биылғы 8 айда 69%-ға өсіп, 2,9 млн тоннаға жетті. Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр, біз бұл бағыт бойынша тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін Үкімет транзит жағдайын жақсарту бойынша дәйекті шаралар қабылдауда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
ҚР Премьер-Министрі бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды белгілеу, жеткізу мерзімдерін қысқарту және ТХКБ бойынша, оның ішінде Баку – Тбилиси – Карс желісі арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырудың маңызды екенін баса айтты.
Кездесудегілер сауда-экономикалық әріптестіктің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмысты жалғастыру ниетін растады.