ЖАМБЫ АТУ СПОРТЫНЫҢ ТҮРІК СТИЛІНЕН ҚОРЖЫНЫМЫЗҒА АЛТЫН ЖӘНЕ ҚОЛА ЖҮЛДЕ
Жамбы ату спортының Түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың үш бірдей спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
Жамбы ату спортының бапкері Елдос Бадашев:
«7 жылдан бері бапкерлік қызметін атқарудамын. V дүниежүзілік көшпенділер ойынына 4 спортшымыз келіп отыр. Олар арнайы іріктеу жарыстарынан өтті. Сондай-ақ жарысқа қатысқан спортшыларымыз осыған дейін Әлемдік, Азиялық жарыстардың жүлдегерлері. Ал осы V ДКО-нына жылдың басынан бері дайындалдық, міне қазір соның нәтижесін көрудеміз», — дейді бапкер.
Айта кетелік, сайысқа 27 мемлекеттен 78 спортшы тіркелген. Солардың бірі Қырғызстанның Салбуурун федерациясынан келген Аида Акматова «Мен 20-30-дан астам жарыстарға қатыстым, бірақ бұл жарыс мен үшін ерекше. Әртүрлі елдерден келген адамдар мен спортшылар мықты дайындықпен келген. Сол үшін аздап қобалжып тұрмын. «Түрік стиліндегі жамбы атудағы ерекшелік – оқты жоғары қарай ату» бұл маған біраз қиынға түсті. Ал жалпы ойынға келетін болсақ, менің ойымша, қыздар мен ұлдар бөлек болса жақсы болар еді, өкінішке орай бөлінбей бәріміз бір категорияда ойнаймыз. Сондықтан қыздарға қиындық тудырады, себебі жігіттер қалай қарасақ та күші көп болады. Спортшылармен ойында қарсылас болсақ та, өмірде жақсы араласамыз, тіпті доспыз деуге болады», дейді қырғызстандық спортшы.