Шымкентте «Сөз маржаны – термеде» атты республикалық байқау ұйымдастырылды

0
80

Шымкент – ғасырлар бойы қазақтың рухани мәдениеті мен дәстүрлі өнерінің алтын бесігі саналған қасиетті өңір. Аталмыш киелі қалада өткен «Сөз маржаны – термеде» тақырыбындағы республикалық байқауы ұлттық өнерге деген құрметтің, рухани сабақтастықтың айқын көрінісі болды. Терме – халықтың тарихын, тағылымын, өмірлік философиясын сөз арқылы ұрпақ санасына сіңіретін бірегей өнер. Сондықтан бұл байқаудың дәл Шымкентте өтуі заңдылық секілді саналады. Өйткені Оңтүстік өңір ежелден-ақ жыр мен терменің, ақындық пен шешендіктің ордасы ретінде танылған. Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса сынды сөз зергерлері шыққан бұл топырақта бүгінгі жас термешілердің бас қосуы – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті.

Бүгін Шымкент қаласында ұлттық өнердің асыл мұрасы – терме дәстүрін жаңғыртуға бағытталған «Сөз маржаны – термеде» республикалық байқауы жоғары деңгейде өтті. Іс-шара Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» қолдауымен ұйымдастырылды.

Байқаудың басты көздеген мақсаты – ата-бабадан мирас болып жеткен ұлттық рухани қазынаны дәріптеу, жас термешілерге қолдау көрсету, сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын кеңінен насихаттау,ға бағытталды.
Шара барысында Оңтүстік өңіріне аты мәлім болған Майлықожа, Құлыншақ, Қайыпназар, Молда Мұса, Қызыл жігіт, Қасқыр ақын, Құтбай ақын сынды термешілердің өнегелі жолы мен мол мұрасы кеңінен дәріптелді. Қатысушылар осы ірі тұлғалардың дәстүрін жалғап, өз өнерін көпшілікке паш етті.

Сонымен қатар байқау аясында терме өнерінің көркемдік ерекшелігі, мазмұндық тереңдігі мен тәрбиелік мәні жөнінде пікір алмасулар өтті. Қазылар алқасы орындаушылардың дауыс мәнері, мәтін тазалығы, сахна мәдениеті мен дәстүрге адалдығына ерекше назар аударды. Бұл талаптар жас өнерпаздардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды байқаулар қазақы болмысты сақтауға, дәстүрлі өнердің насихатын арттыруға зор үлес қосады. Республикалық деңгейде өткен бұл мәдени шара жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятып, терме өнерінің жаңа тынысын ашуға ықпал жасады. Мұндай мазмұнды жобалар алдағы уақытта да Шымкентте жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қызмет етпек.


ПІКІР ЖАЗУ