ББҚ нарығы: халыққа пайдасы мен қолдану қағидалары қандай?

0
79

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) нарығы соңғы жылдары ерекше қарқынмен өсіп келеді. 2024 жылы бөлшек саудада ББҚ-ларға жұмсалған қаражат 152,1 млрд теңгеге жеткен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес есе жоғары.

Бүгінде Алматы қаласы осы нарықтың көшін бастап тұр, сатылым шамамен 118,5 млрд теңгені құраған. Бұл өсім ББҚ-ларға деген сенімнің артып жатқанын көрсетеді: адамдар «иммунитетімді көтеремін», «энергиямды арттырамын», «денсаулықты сақтаймын» деп өздерін сондай үміттендіреді. Бірақ халықтың бұл белсенділігі бір жағынан әлеуметтегі қанағаттанбаушылықтың белгісі деп те ойлайсың, кейде диагноз қоюшы маманнан бұрын «комплексті курс» ішкен оңай сияқты көрінеді.

Қоғамдағы бұл тенденцияны қауіпті деуге келеді, себебі ББҚ – арнайы тексерістен өтіп, расталған дәрі емес, ол медицина талап етілген сынақтардан өтпейді, сондықтан сапа мен құрамды бақылау әлсіз болуы мүмкін. Бұл әсіресе өсімдік қоспалары бар ББҚ-ны ішетіндер үшін тіптен қауіпті, себебі кейбір зерттеулер куркума немесе жасыл шай экстрактілері бауырға зиян келтіруі мүмкін екенін көрсеткен.

Қазірде барлық әлемде ББҚ қолдану кең тараған: АҚШ-тағы CDC-тің мәліметіне сәйкес, 2017- 2018 жылдары 20 жастан жоғары ересектердің 57,6%-ы соңғы 30 күнде кем дегенде бір БАД қолданған. Бұл көрсеткіш адамдардың денсаулықты алдын алу мақсатында қоспаларға ерекше үміт артатынын айқын көрсетеді.

Бірақ бұл үміт пен шындық әрдайым сәйкес келе бермейді. Әрине кейбір ББҚ-тар пайдалы болуы мүмкін, егер оны анализ нәтижесіне, дәрігер кеңесіне сүйеніп қабылдаған жағдайда. Мысалы, ағзада қандай да бір дәрумен немесе минерал тапшылығы анықталса немесе спортшы жаттығудан қалпына келу үшін қолданса – бұл жағдайда қоспа шын мәнінде көмектесуі мүмкін. Әрине тек дәрігердің, арнайы маманның көмегіне, нұсқаулығына жүгіне отырып пайдаланған жағдайда ғана.

Ал егер қоспалар жан‑жақты иммунитет үшін немесе артық салмақты жою үшін негізсіз қолданылса, ол зиян әкелуі ықтимал. Қайда өндірілгені белгісіз, сапасы тексерілмеген өнімдер ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Құрамы толық ашылмаған, немесе дозасы реттелмеген қосымша заттар болуы да мүмкін. Ондай арзан, тек маркетингтің арқасында аты жер жарып тұрған препараттар жетіп артылады.

Халық оны мұқтаж болған жағдайда сатып алады, бірақ ол ағзаңыздың сау бөлігін зақымдап, ауырып тұрған жеріңізді әлсіретуі мүмкін. Сондықтан қоспаларды қажет болған жағдайда ғана, сенімді өндірушілерден алып, дәрігердің кеңесімен пайдалану керек.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ