Шымкентте үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, білім саласына цифрлық жүйелер енгізілуде

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толық пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді.
Қала әкімінің айтуынша, биыл қосымша 4 145 орындық сегіз мектептің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде №50 мектепке 575 орындық қосымша ғимарат пен Тельман шағын ауданында 1 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді.
«Білім беру саласына жұмсалатын қаржы – болашаққа жасалған инвестиция. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы біз сапалы білім беруді және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Брифинг барысында қала әкімі білім беру жүйесін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Барлық мектептердегі бейнебақылау камералары Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, «Айқын» интеллектуалды бақылау жүйесі енгізілуде.
Айта кетейік, Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы мектептердегі тегін тамақтану процесін бақылау жүйесі іске қосылып, екі айда 460 млн теңге үнемделген. Ал ваучерлік жүйе негізінде қосымша білім беру бағытында 1,8 млрд теңге үнемделген. Сондай-ақ, қаржыландыру процесін бақылауға арналған «QARQYN» цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы – әлеуметтік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жүйе. Білім саласында аталған жоба арқылы мектеп оқушыларына берілетін тегін тамақтану процесі электронды форматта тіркеліп, әрбір қызметтің нақты көрсетілуі қатаң бақыланады. Жүйе ата-аналарға ешқандай қағаз құжат өткізбей, баласының тегін тамақтануға құқығы бар екендігі туралы хабарлама жібереді. Бұл өз кезегінде қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына, адами фактордың азаюына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту, цифрландыру және қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаладағы білім сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етуде.






