Жастарды отансүйгіштікке баулуда «Жас сарбаз» жобасының орны орасан

Қазіргі заман жастарының бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру – ел болашағы үшін ерекше маңызды бағыттардың бірі. Әскери-патриоттық тәрбие жас буынның ұлттық рухын көтеріп, жауапкершілігі жоғары, тәртіпті, ел қорғанына дайын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Бұл бағытта елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жобасы жастарға әскери қызметтің мәнін түсіндіріп қана қоймай, олардың жеке тұлға ретінде дамуына зор үлесқосады. Бағдарлама аясында өткізілетін түрлі шаралар жасөспірімдердің патриоттық сезімін күшейтіп, қоғамдық белсенділігін арттыруды көздейді.
Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілік, әскери тәртіп, азаматтық жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру.
Осы мақсатта М.Тынышпаев атындағы Шымкент жол-көлік колледжі мен Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінде мазмұнды тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған «Жас сарбаз» РҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы Сабит Еркін Бауыржанұлы және Еңбекші, Қаратау қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының тәрбие және идеология жұмыстары тобының бастығы, лейтенант Жалмурзаева Дамира Қуатбайқызы қатысып, жастармен жүздесті.
Басқосу барысында патриоттық тәрбие негіздері, Қазақстан Қарулы күштерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, сондай-ақ «Айбын-2026» әскери-патриоттық сайысының талаптары кеңінен түсіндірілді. Спикерлер әскери дайындықтың жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, жинақылыққа баулитын маңызды бағыт екеніне назар аударды.
Іс-шараның тағы бір маңызды сәті – қатысушы студенттер мен оқушылардың тұлғалық дамуына ықпал етуінде болды. Әскери дайындықтың төзімділік, ерік-жігер, бірлесіп әрекет ету дағдыларын қалыптастыратыны жайлы нақты мысалдар келтірілді. Жастар әскери мамандықтар, гранттық бағдарламалар, талаптар және болашақ қызметтің ерекшеліктері туралы сұрақтарына толық жауап алды. Бүгінгі геосаяси жағдайда елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда әр азаматтың рөлі ерекше екені де атап өтілді. Осындай ашық пікір алмасулар жас буынның елге деген жауапкершілік сезімін арттырып, олардың болашаққа деген дұрыс бағдарын қалыптастыруға жол ашады.

«Жас сарбаз» жобасы шеңберінде өткізілген бұл шаралар жастардың еліміздің тарихы мен Қарулы күштердің маңызын терең түсінуіне сепігін тигізді.Тәрбиелік бағыттағы мұндай жұмыстар жас буынның бойында патриоттық сезімді нығайтып қана қоймай, олардың азаматтық белсенділігін арттырады, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырады.
Жоба – елін сүйетін, болашағына бейжай қарамайтын, мемлекетке қызмет етуге дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігі. Осындай бағдарламалардың жүйелі түрде жалғасуы болашақ ел қорғандарының қалыптасуына зор үлес қосары сөзсіз.








